Халықаралық арбитраж соты Қазақстанның Қашаған мұнай кен орнын игеруге жұмсалған даулы шығындарды өндіру туралы ірі мұнай компанияларына қойған талаптарының бір бөлігін қанағаттандырмады. Сөз шамамен 12 млрд доллар туралы болып отыр. Бұл туралы Bloomberg агенттігі жағдайдан хабардар дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазақстан кен орнын игеруге байланысты даулы шығындар үшін шамамен 20 млрд доллар өндіріп алуға тырысқан. Қашаған – еліміздегі көлемі жағынан екінші ірі мұнай кен орны. Алайда оны пайдалануға беру бірнеше жылға кешігіп, нақты шығындар бастапқы бюджеттен едәуір асып кеткен.
Арбитраж соты Қазақстан үкіметі 2011–2015 жылдар аралығында жұмсалған шығындарға қатысты талапты тым кеш берген деген шешім шығарған. Осыған байланысты шамамен 12 млрд доллар көлеміндегі талап қанағаттандырылмаған.
Сонымен қатар сот жалпы сомасы шамамен 8 млрд доллар болатын басқа талаптарды қарауды жалғастыруға рұқсат берген.
Осылайша, Қашаған кен орнына байланысты Қазақстан мен мұнай компаниялары арасындағы даудың қалған бөлігі бойынша арбитраждық талқылау жалғасуы мүмкін.