Астанада 51 азаматты 413 млн теңгеден аса сомаға алдаған алаяқтар сот алдында жауап береді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Елордада ауқымды алаяқтық жасады деп айыпталған 7 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды.
Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері 4 жыл бойы азаматтарды жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары арқылы баспана алуға, сондай-ақ, тиімді шарттармен несие және қаржыландыру рәсімдеуге көмектесеміз деген желеумен алдап келген.
Қылмыстық әрекеттеріне заңды сипат беру мақсатында күдіктілер кеңсе жалға алып, коммерциялық ұйымдар құрған, қызмет көрсету туралы шарттар жасасып, кепілдік хаттар рәсімдеген.
Қылмыстық әрекет салдарынан 51 азамат зардап шегіп, келтірілген жалпы материалдық залал 413 млн теңгеден асты. Қылмыстық іс сотқа жолданды.