Шораев Ресейдегі соғысқа қатысқан қазақстандықтарды жазалауды ұсынды

Шораев Ресейдегі соғысқа қатысқан қазақстандықтарды жазалауды ұсынды
pixabay.com

Қазақстандық журналист әрі қоғам белсендісі Арман Шораев Украинадағы соғысқа Ресей армиясы құрамында қатысқан Қазақстан азаматтарын қатаң жазалау керек деп есептейді. Ол бұл туралы Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Шораевтың пікірінше, Украина аумағында басқыншы әскер құрамында болған қазақстандықтарды елге қайтаруға күш салудың орнына, оларды заң аясында жауапқа тарту қажет.

Ол соғысқа қатысқан азаматтардың өздерін алдап кеткені туралы уәждерін де сынға алған. Сонымен қатар белсенді соғыс жүріп жатқан елге жұмыс істеу үшін барудың тәуекеліне тоқталып, балаларын мұндай қауіпке жіберген ата-аналардың жауапкершілігі туралы мәселе көтерген.

Қазақстан заңнамасында не айтылған?

Қазақстанда шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығыстарға қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Қылмыстық кодекстің 172-бабына сәйкес, жалдамалылық белгілері болмаған жағдайда шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа немесе әскери іс-қимылдарға қасақана заңсыз қатысқан азамат бес жылдан тоғыз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ал Қылмыстық кодекстің 170-бабында жалдамалылық үшін жауапкершілік көзделген. Жаза қылмыстың мән-жайы мен ауырлығына байланысты белгіленеді.

Бұған дейін Қазақстан азаматтарының Ресей әскері құрамында Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін сотталған жағдайлары тіркелген. Мәселен, 2025 жылғы тамызда Атырау облысының соты Ресей әскері құрамында Донецк облысындағы ұрыс қимылдарына қатысқан қазақстандықты бес жылға бас бостандығынан айырғанын растаған.

Сонымен қатар азаматтардың шетелде әскери келісімшартқа қандай жағдайда қол қойғаны әрбір іс бойынша жеке анықталуға тиіс. Қазақстанның құқық қорғау органдары қылмыстық жауапкершілік мәселесін қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешеді.