Мысыр қазақстандық туристерге қойылатын қосымша талаптарды алып тастайды

Мысыр қазақстандық туристерге қойылатын қосымша талаптарды алып тастайды
KazInform

Қазақстан мен Мысыр қазақстандық туристердің елге кіруіне қойылатын қосымша талаптарды алып тастауға және екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге келіст, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазақстан мен Мысыр саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми сапар аясында өткен келіссөздерінде айтылды.

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Мысырға ресми сапары барысында Мысырдың сыртқы істер, халықаралық ынтымақтастық және шетелдегі мысырлықтар істері жөніндегі министрі Бадр Абдельаттимен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Тараптар екі ел арасындағы саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ халықаралық алаңдардағы өзара іс-қимылды дамыту перспективаларын қарастырды.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары Қазақстан мен Мысыр арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейін атап өтіп, екі елдің сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялар тетігінің маңыздылығына тоқталды.

Мысырдағы парламенттік сайлау мен Қазақстандағы конституциялық өзгерістер аясында тараптар парламенттік «достық топтарының» жұмысын жандандыруға келісті.

Келіссөздерде мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға да ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі аясындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Сауда-экономикалық салада тараптар өзара сауданы кеңейту және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша 2006 жылғы 7 қарашадағы дипломатиялық паспорт иелерін визадан босату туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі хаттамаға қол қойылды. Құжатқа сәйкес, визасыз режим жарамды қызметтік паспорты бар Қазақстан мен Мысыр азаматтарына да қолданылады.

Келіссөздердің маңызды нәтижелерінің бірі Қазақстанды Мысыр тарапы туристік мақсатта елге кіретін азаматтарына қосымша талаптар қоятын Орталық Азия мемлекеттерінің тізімінен шығару туралы уағдаластық болды.

Бұл шешім қазақстандық туристердің Мысырға кіру шарттарын жеңілдетуге және екі ел арасындағы туристік алмасуды одан әрі дамытуға бағытталған.

Келіссөздер аяқталған соң Мұхтар Тілеуберді мен Бадр Абдельатти бұқаралық ақпарат құралдарына бірлескен мәлімдеме жасап, кездесудің қорытындыларын жариялады. Тараптар екіжақты әріптестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады.