Reuters сауалнамасына қатысқан сарапшылардың басым бөлігі Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені жылдық 16,25%-дан 16%-ға дейін төмендетеді деп күтеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені жылдық 16,25%-дан 16%-ға дейін төмендетуі мүмкін. Мұндай болжамды Reuters агенттігі сауалнама жүргізген сарапшылар білдірді.
Сауалнамаға қатысқан 12 сарапшының сегізі базалық мөлшерлеме 16%-ға дейін төмендейді деп есептейді. Тағы екі сарапшы оның 15,75%-ға дейін түсетінін болжаса, қалған екеуі мөлшерлеме қазіргі 16,25% деңгейінде сақталады деген пікірде.
Қыркүйек айында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75%-дан 16,25%-ға дейін төмендеткен. Реттеуші мөлшерлеме бойынша дәлізді плюс-минус 1 пайыздық тармақ деңгейінде белгіледі.
Сол кезде Ұлттық банк проинфляциялық факторлар мен тәуекелдердің күшеюі 2027 жылға арналған болжамдардың қайта қаралуына әсер еткенін хабарлаған. Реттеушінің бағалауынша, мұндай жағдайда базалық мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндігі шектеулі.
2026 жылғы қыркүйекте Қазақстандағы айлық инфляция 0,6% болды. Бұл көрсеткіш тамыз айындағы деңгеймен бірдей. Ал жылдық инфляция тамыздағы 9,8%-дан қыркүйекте 9,3%-ға дейін баяулаған.
Reuters сауалнамасына қатысқан сарапшылардың басым бөлігі ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жыл соңына дейін 16% деңгейінде сақтайды деп күтеді. Сонымен қатар олардың пікірінше, 2027 жылдың бірінші тоқсанында мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндігі шектеулі болуы ықтимал.