Басқа өңірге көшкен қазақстандықтарға қандай төлемдер беріледі?

Басқа өңірге көшкен қазақстандықтарға қандай төлемдер беріледі?
pixabay.com

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ерікті қоныс аударушыларға көшуге, тұрғын үй жалдауға және баспана сатып алуға арналған жаңа қолдау шаралары енгізіледі, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге ерікті түрде қоныс аударудың жаңа қағидалары күшіне енеді. Бағдарламаға қатысушыларға көшуге арналған біржолғы субсидия, тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық қызметтер шығындарын өтеу, сондай-ақ баспана сатып алуға немесе ипотеканың бастапқы жарнасын төлеуге арналған 7,6 млн теңгеге дейінгі сертификат қарастырылған.

Алайда барлық қолдау түрін қоныс аударған бойда бірден алу мүмкін емес. Әр төлемнің жеке талаптары бар. Атап айтқанда, жаңа тұрғылықты жердегі еңбек қызметін және міндетті әлеуметтік аударымдардың жүргізілгенін растау қажет.

Кімдер қоныс аудару үшін ақша ала алады?

Жаңа қағидалар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2026 жылғы 13 қазандағы № 401 бұйрығымен бекітілген. Бағдарлама жұмыс күші артық өңірлерден еңбек ресурстарына сұраныс бар елді мекендерге ерікті түрде қоныс аударуды қолдауға бағытталған.

Қоныс аударушылар шығатын өңірлерге Алматы, Астана және Шымкент қалалары, сондай-ақ Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Түркістан облыстары жатады. Дегенмен бағдарлама аясында кез келген елді мекенге көшуге болмайды. Қоныс аудару жоспарланған аумақ жұмыс күші қажет болатын өңірлердің бекітілген тізіміне енуі тиіс.

Бағдарламаға жұмыссыз азаматтар, сұранысқа ие мамандықтардың иелері, шаруа және фермер қожалықтарының басшылары, сондай-ақ қандастар қатыса алады. Өңіраралық қоныс аудару кезінде жаңа жерде жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлікті дамытуға жәрдем көрсетіледі.

Сонымен қатар бір облыстың ішінде де қоныс аударуға мүмкіндік беріледі. Мысалы, экономикалық әлеуеті төмен елді мекеннен даму мүмкіндігі жоғары қалаға немесе ауылға көшуге болады.

Қоныс аударушыларға қанша ақша төленеді?

Мемлекеттік қолдаудың мөлшері төлем түріне, отбасы мүшелерінің санына және қоныс аударылатын жердің ерекшелігіне байланысты. Төменде көрсетілген сомалар 2027 жылға есептік негіз ретінде алынған 4 693 теңгелік айлық есептік көрсеткіш (АЕК) бойынша есептелген.

Көшуге арналған субсидия – бір адамға 328 510 теңге

Біржолғы төлем отбасының басшысына және оның әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде беріледі. 2027 жылға арналған есептік АЕК бойынша бұл бір адамға 328 510 теңгені құрайды.

Отбасы мүшелерінің санына қарай төлем мөлшері мынадай болады:

•⁠  ⁠Бір адамға – 328 510 теңге;
•⁠  ⁠Екі адамға – 657 020 теңге;
•⁠  ⁠Үш адамға – 985 530 теңге;
•⁠  ⁠Төрт адамға – 1 314 040 теңге;
•⁠  ⁠Бес адамға – 1 642 550 теңге;
•⁠  ⁠Алты адамға – 1 971 060 теңге.

Алайда қаражат қоныс аударғаннан кейін бірден аударылмайды. Субсидия алу үшін өтініш беруші немесе отбасының еңбекке қабілетті мүшесі жаңа жерде кемінде үш ай қатарынан жұмыс істегенін және міндетті әлеуметтік аударымдардың жүргізілгенін растауы керек.

Тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтер шығындарын өтеу – айына 140 790 теңгеге дейін

Мемлекет тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық қызметтерге жұмсалған шығындарды да өтейді. Төлем мөлшері отбасы мүшелерінің санына және олардың қалаға немесе ауылдық жерге қоныс аударуына байланысты белгіленеді.

АЕК 4 693 теңге болған жағдайда ай сайынғы өтемақы мөлшері мынадай болады:

Отбасы құрамы        Қалада          Ауылдық жерде
Бір адам                    93 860 теңге    70 395 теңге
2–4 адам                   117 325 теңге    84 474 теңге
5 және одан көп адам    140 790 теңге    98 553 теңге

Өтемақы ай сайын төленеді, бірақ оның мерзімі 12 айдан аспайды. Төлемді алу үшін тұрғын үйді жалдау шарты және жаңа жерде кемінде алты ай қатарынан жұмыс істегенін, міндетті әлеуметтік аударымдардың жүргізілгенін растайтын мәліметтер қажет.

Бұл тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық қызметтерге жұмсалған шығындарды өтеуге арналған ортақ төлем. Яғни жалдау ақысы мен коммуналдық қызметтер үшін бөлек-бөлек өтемақы қарастырылмайды.

Егер бағдарлама аясында қатысушыға мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана берілсе, тұрғын үйді жалдау шығындары үшін өтемақы тағайындалмайды.

Тұрғын үй сертификаты – 7 626 125 теңгеге дейін

Мемлекеттік қолдаудың ең ірі түрі – экономикалық ұтқырлық сертификаты. Оның мөлшері 1 625 АЕК-ке тең. 2027 жылға арналған есептік көрсеткіш бойынша бұл 7 626 125 теңгені құрайды.

Сертификатты қоныс аударған өңірден тұрғын үй сатып алуға немесе ипотекалық несиенің бастапқы жарнасын төлеуге пайдалануға болады. Алайда бұл – кез келген мақсатқа жұмсауға болатын қолма-қол ақша емес, нақты мақсатқа арналған мемлекеттік қолдау.

Сертификат алу үшін жаңа жерде кемінде 12 ай қатарынан еңбек еткенін және міндетті әлеуметтік аударымдардың жүргізілгенін растау қажет.

Сонымен бірге сертификат мөлшері сатып алынатын тұрғын үйдің бағалау құнынан аспауға тиіс. Егер баспананың бағасы белгіленген ең жоғары сомадан төмен болса, қолдау мөлшері де соған сәйкес азаяды.

Алматыдан басқа өңірге көшуді шешсеңіз, бағдарлама қалай жұмыс істейді?

Алматыда тұратын үш адамнан тұратын отбасы Солтүстік Қазақстан облысына көшіп, сол жерден жұмыс табуды жоспарлады делік. Мұндай жағдайда мемлекеттік қолдауды алу бірнеше кезеңнен тұрады.

Алдымен таңдалған елді мекеннің қоныс аударуды қолдау бағдарламасына кіретінін тексеру қажет. Одан кейін уәкілетті органдар арқылы бағдарламаға қатысу рәсімінен өтіп, әлеуметтік келісімшарт жасалады.

Қоныс аударғаннан кейін отбасы мүшелерінің бірі ресми жұмысқа орналасады. Еңбек қызметі мен міндетті әлеуметтік аударымдар бойынша үш ай қатарынан қойылған талаптар орындалса, отбасы көшуге арналған біржолғы субсидия алуға үміткер бола алады. АЕК 4 693 теңге болған жағдайда үш адамнан тұратын отбасыға 985 530 теңге есептеледі.

Алты айдан кейін тұрғын үйді жалдау шығындарын өтеуге өтініш беруге болады. Егер отбасы баспананы жалға алып тұрса және еңбек қызметіне қатысты талаптарды орындаса, ай сайынғы өтемақы рәсімдей алады. Қалада тұратын үш адамнан тұратын отбасы үшін есептік төлем 117 325 теңгені құрайды. Бұл қаражат белгіленген талаптар сақталған жағдайда 12 айдан аспайтын мерзімде төленеді.

12 ай еңбек еткеннен кейін отбасы тұрғын үй сертификатын алуға өтініш бере алады. Барлық талап орындалған жағдайда 7 626 125 теңгеге дейінгі экономикалық ұтқырлық сертификатына үміткер болуға мүмкіндік бар. Оны қоныс аударған өңірден баспана сатып алуға немесе ипотеканың бастапқы жарнасына пайдалануға болады.

Осылайша, үш адамнан тұратын отбасы көшуге арналған субсидия, тұрғын үйді жалдау шығындарының өтемақысы және тұрғын үй сертификаты арқылы қомақты мемлекеттік қолдау ала алады. Дегенмен бұл қаражат бір мезгілде берілетін бірыңғай төлем емес. Әр қолдау түріне құқықты жеке растау қажет, ал сертификаттың мөлшері сатып алынатын баспананың құнымен шектеледі.

Бұл – шартты мысал. Қоныс аударуды жоспарламас бұрын таңдалған өңірдің бағдарламаға сәйкестігін және нақты жағдайға қажетті құжаттарды тексеру қажет.

Төлемдерді қалай рәсімдеуге болады?

Бағдарламаға қатысу үшін мансап орталығына жүгініп, белгіленген қоныс аудару рәсімінен өту керек. Өңіраралық қоныс аудару кезінде переселендер немесе қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы шешім талап етіледі. Одан кейін әлеуметтік келісімшарт жасалады.

Қағидаларда көзделген төлемдерге өтініштерді migration.enbek.kz порталы арқылы электрондық түрде беруге болады. Жұмысқа орналасу және бағдарлама мүмкіндіктері туралы ақпаратты Электрондық еңбек биржасынан да алуға болады.

Қоныс аудармас бұрын нені ескеру керек?

Бағдарлама Алматы немесе Астана қаласының кез келген тұрғыны өзі қалаған қалаға көшіп, автоматты түрде миллиондаған теңге алады дегенді білдірмейді. Қатысушы бағдарлама талаптарына сай болуы, бекітілген тізімдегі елді мекенді таңдауы және еңбек қызметіне қатысты шарттарды орындауы қажет.

Сонымен қатар тұрғын үй сертификаты әрбір қоныс аударушыға сөзсіз берілетін ақшалай төлем емес. Ол нақты мақсаттарға арналған мемлекеттік қолдау түрі болып саналады.

Материалда көрсетілген теңгемен есептелген сомалар 2027 жылға арналған 4 693 теңгелік АЕК негізінде берілген. Өтініш тапсырар алдында қолданыстағы талаптар мен қабылдаушы өңірлердің тізімін нақтылаған жөн.

Жаңа қағидалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Ал төлемдерді қаржыландыру тәртібіне қатысты жекелеген ережелер 2027 жылғы 1 шілдеден бастап қолданыла бастайды.