Қазақстан банктеріндегі депозиттердің жалпы көлемі қыркүйекке қарай 50 трлн теңгеден асты. Алайда бір айдың ішінде депозиттер көлемі 669,3 млрд теңгеге азайған. Жыл басынан бері жалпы өсім 2,3 трлн теңге болды. Бұл туралы Ranking сарапшылары мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сарапшылардың мәліметінше, Қазақстандағы 23 екінші деңгейлі банктің 14-інде депозит портфелі қысқарған. Ал қалған тоғыз банк өсім көрсеткен.
Банк секторындағы депозиттердің басым бөлігі жеке тұлғалардың салымдарынан тұрады. Тамыз айының қорытындысы бойынша халықтың банктердегі депозиттері 30,7 трлн теңгеге жеткен. Бір айда бұл көрсеткіш 132,8 млрд теңгеге өскен.
Қаңтардан бері жеке тұлғалардың депозиттері 2,4 трлн теңгеге немесе 8,6%-ға артқан.
Осылайша, халықтың салымдары Қазақстанның екінші деңгейлі банктеріндегі барлық депозиттің 60%-ын құраған.
Ал заңды тұлғалардың депозиттері бойынша жағдай өзгеше. Үш тоқсанның қорытындысында компаниялар мен ұйымдардың банктердегі салымдары 139,7 млрд теңгеге қысқарған. Олардың жалпы депозиттердегі үлесі 39,9% болды.