Қарағандыда WhatsApp мессенджері арқылы 461 адамды алдап, 700 млн теңгеден астам шығын келтірген екі әйелге қатысты сот үкімі шықты. Сот оларды алты жыл сегіз айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазыбек би аудандық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотталғандарға тағайындалған жазаны өтеу бір жылға кейінге шегерілген. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылып, кінәлілерден 700 млн теңгеден астам қаражат өндіру туралы шешім қабылданған.
Сотталушылар Б. және С. бірнеше рет, екі немесе одан да көп адамға қатысты ірі және аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп айыпталған. Олардың әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша сараланған.
Сот анықтағандай, Б. WhatsApp мессенджерінде Қытай мен Түркиядан тауарларды арзан бағамен сатуға арналған топтар ашқан. Онда ыдыс-аяқ пен түрлі тұрмыстық заттар ұсынылған. Сатып алушыларды тарту үшін тауарларын алғаны туралы пікірлер де жарияланған.
Кейін Б. мен С. жиһаз, тұрмыстық техника және автокөліктерді нарықтағы бағадан едәуір арзан сататынын жарнамалаған. Бұл үшін өзге адамдардың пікірлері түсірілген бейнероликтерді пайдаланған.
Алаяқтар тапсырыстар қабылдап, сатып алушылардан ақша алған. Олар тауарларды жеткізуге уәде бергенімен, бастапқыда-ақ міндеттемелерін орындауды көздемеген.
Нәтижесінде 461 адам зардап шегіп, келтірілген жалпы шығын 700 млн теңгеден асқан.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.