Қазақстанда мерзімді әскери қызметтің жаңа жүйесі енгізілмек. Енді сарбаздар алғашқы алты айда арнайы оқу орталықтарында дайындықтан өтіп, қалған алты айын әскери бөлімдерде өткізеді. Бұл өзгеріс Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында мақұлданған әскери реформа жоспарында қарастырылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мемлекет басшысы еліміздің қорғаныс қабілетін күшейтіп, армияны қазіргі заман талаптарына бейімдеу қажеттігін атап өтті. Осы мақсатта Қарулы Күштердің құрылымы, әскери басқару жүйесі, кадр даярлау және технологиялық жарақтандыру бағыттары қайта қаралмақ.
Жаңа жоспарды Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева таныстырды.
Сарбаздар алты ай оқып, алты ай әскери бөлімде қызмет етеді
Әскери реформаның басты жаңалықтарының бірі – мерзімді әскери қызметті екі кезеңге бөлу.
Жоспарға сәйкес, әскерге шақырылған азаматтар алғашқы алты айда оқу орталықтарында әскери даярлықтан өтеді. Бұл кезеңде олар әскери қызметке қажетті теориялық білім мен тәжірибелік дағдыларды меңгереді.
Ал кейінгі алты айда сарбаздар әскери бөлімдерге жіберіліп, жауынгерлік дайындыққа қатысады және бөлімше құрамында өздеріне жүктелген міндеттерді орындайды.
Жаңа тәсіл сарбаздардың кәсіби дайындығын арттыруға және әскери қызметті ұйымдастыруды жетілдіруге бағытталған.
Дегенмен бұл – мақұлданған реформа жоспарындағы өзгеріс. Жаңа тәртіптің нақты қолданысқа енгізілетін мерзімі бөлек айқындалуы тиіс.
Әскердегі сарбаздардың құқығын қорғайтын жаңа қызметтер пайда болады
Реформа аясында әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінбек.
Атап айтқанда, Әскери консультанттар институтын және Әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл қызметін құру жоспарланған.
Бұл құрылымдар әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау және олардың мәселелерін шешу тетіктерін жетілдіруге бағытталмақ.
Сонымен қатар армиядағы жарғыға қайшы әрекеттердің алдын алу, әскери тәртіпті күшейту және басшылық мәдениетін жақсарту шаралары қарастырылған.
Қазақстанда Ұшқышсыз жүйелер күштері құрылады
Қарулы Күштерді жаңғырту аясында әскери технологияларды дамытуға да басымдық беріледі.
Жоспар бойынша Қазақстанда жеке Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру көзделген.
Бұдан бөлек, Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын қайта қарау, қорғанысты жоспарлау жүйесін жетілдіру және әскердің негізгі компоненттерін күшейту жоспарланып отыр.
Президент заманауи, ұтқыр әрі технологиялық тұрғыдан дамыған армия қалыптастыру маңызды екенін атап өткен.
Әскери мектептер саны артуы мүмкін
Жоспарда жастардың әскери-патриоттық тәрбиесіне қатысты жаңалықтар да бар.
«Адал азамат» тұжырымдамасына негізделген «Жас айбын» бірыңғай әскери-патриоттық даярлық жүйесін дамыту көзделген.
Сонымен қатар мамандандырылған әскери мектептер желісін кеңейту және бастапқы әскери даярлықтың сапасын арттыру ұсынылған.
Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов Қарулы Күштерді жаңғырту бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.
Оның ішінде армияның жаңа ақпараттық-коммуникациялық стратегиясын қабылдау және «Заң мен тәртіп» қағидатына сәйкес тәрбие жұмыстарын жетілдіру мәселелері қарастырылған.
Әскери реформа қашан жүзеге асырылады?
Жоспарға сәйкес, алғашқы ұйымдастыру шаралары 2026 жылдың соңына дейін орындалуы тиіс.
Ал негізгі тұжырымдамалық өзгерістерді 2027 жылы жүзеге асыру көзделген.
Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Президент Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексеріп жатқан комиссияның жұмысын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Мемлекет басшысы әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек Қорғаныс министрлігінің міндеті емес, бүкіл мемлекеттік жүйенің ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.
Отырыс қорытындысында Әскери реформа жоспары мақұлданып, оның орындалуын үйлестіру Үкімет пен Қауіпсіздік Кеңесіне жүктелді.