Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің ауруханаға түскен 58 оқушысы толық емделіп, үйлеріне шығарылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, балалар 12 қазаннан бастап Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер оларға қажетті медициналық көмек көрсетіп, бекітілген талаптарға сәйкес ем жүргізген.
"Қазір ауруханаға жатқызылған балалардың барлығы үйлеріне шығарылды", – деп мәлімдеді басқарма.
Оқиға туралы 14 қазанда белгілі болды. Алғашқы мәліметте 50-ге жуық оқушының ауруханаға түскені айтылған еді. Кейін олардың жалпы саны 58 бала екені нақтыланды.
Әзірге оқушылардың неден ауырғаны және оларға нақты қандай диагноз қойылғаны хабарланған жоқ.