Қазақстан паспорты Орталық Азиядағы ең мықты паспорт атанды

Қазақстан паспорты Орталық Азиядағы ең мықты паспорт атанды
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстан паспорты Henley Passport Index 2026 халықаралық рейтингінде 66-орынға ие болып, Орталық Азия елдері арасында көш бастады. Индекс дерегіне сәйкес, қазақстандықтар алдын ала виза рәсімдемей, әлемнің 77 бағытына бара алады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Өткен жылы Қазақстан бұл рейтингте 65-орында болған. Биыл жалпы тізімде бір саты төмендегеніне қарамастан, ел өңірдегі көшбасшылық орнын сақтап қалды. Henley Passport Index төлқұжаттардың күшін олардың иелері алдын ала виза алмай бара алатын бағыттардың саны бойынша бағалайды. 2026 жылғы рейтингте 199 елдің паспорты мен саяхаттауға болатын 227 бағыт қамтылған.

Орталық Азия елдері арасында Қазақстан ең жоғары көрсеткішке ие болды. Одан кейін Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан орналасқан.

Индекс дерегіне сәйкес, Қырғызстан 59 бағытқа визасыз бару мүмкіндігімен 81-орынға, Өзбекстан 57 бағытпен 82-орынға, ал Тәжікстан 52 бағытпен 87-орынға жайғасқан. Түрікменстан 44 бағыт көрсеткішімен 93-орынға ие болды.

Қазақстан паспортының рейтингі жылдар ішінде қалай өзгерді?

Соңғы 20 жылда Қазақстан паспортының Henley Passport Index рейтингіндегі орны бірнеше рет өзгерген. 2006 жылы Қазақстан 68-орында болса, 2008 және 2009 жылдары 65-сатыға көтерілген.

Қарастырылып отырған кезеңдегі ең төмен көрсеткіш 2015 жылы тіркелді. Сол кезде Қазақстан 76-орынға түскен. 2021 жылы ел 75-сатыда болды, кейін рейтингтегі орнын біртіндеп жақсарта бастады. 2022 жылы Қазақстан 68-орынға, 2023 жылы 70-орынға тұрақтады. 2024 жылы 66-сатыға көтеріліп, 2025 жылы 65-орынға жетті. Ал 2026 жылғы рейтингте бір саты төмендеп, 66-орынға орналасты.