Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында бөтен тауар белгісін заңсыз пайдалану белгілері бар 282 өнім тәркіленді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында бөтен тауар белгісін заңсыз пайдалану белгілері бар 282 өнім тәркіленді. Бұл туралы өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полицияның бейсенбі күнгі мәліметінше, құқық иесінің өкілі өңір аумағында өзіне тиесілі брендпен өнімдерді заңсыз сатуы мүмкін екені туралы арызданған. Осы өтініштен кейін тексеру басталған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында Ақтау қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының санкциясымен Мұнайлы ауданының өнеркәсіптік аймағында орналасқан сауда нысанында тінту жүргізілген.
Ведомствоның хабарлауынша, тінту нәтижесінде 282 өнім анықталып, тәркіленген.
Қазіргі уақытта тергеушілер тәркіленген өнімдердің шығу тегін, оларды жеткізу, сақтау және өткізу жолдарын, сондай-ақ заңсыз айналымға қатысы болуы мүмкін тұлғаларды анықтап жатыр.
Тергеу жалғасуда.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, полиция істің өзге мән-жайларын жария етпейді.