Threads арқылы жалған билет сатқан астаналыққа сот үкімі шықты

Threads арқылы жалған билет сатқан астаналыққа сот үкімі шықты
Фото: ЖИ

Астанада концертке жалған билет сатып, екі адамды алдаған 30 жастағы азаматқа сот үкімі шықты. Қалалық прокуратураның мәліметінше, ол осы әрекеті арқылы тұрғындарға 90 мың теңге көлемінде шығын келтірген, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ер адам алдымен концертке арналған екі билетті ресми сайттан сатып алған. Кейін олардың деректемелерін өзгертіп, жалған нұсқасын дайындаған. Артынша Threads әлеуметтік желісіне билеттерді сататыны туралы хабарландыру жариялаған.

Ұсынысқа екі адам, соның ішінде кәмелетке толмаған жасөспірім де қызығушылық танытқан. Сатып алушылардың бірі оған 50 мың теңге, екіншісі 40 мың теңге аударған. Ақшаны алған соң сатушы екеуін де бұғаттап, байланысқа шықпай қойған.

Сот айыпталушыны екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесіп, осы мерзімге пробациялық бақылау белгіледі. Үкім шығару кезінде оның кінәсін толық мойындап, жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтегені ескерілді.

Сот үкімі заңды күшіне енді.