Илон Маск АҚШ-тағы әр балаға SpaceX-тің бір акциясын беруге уәде етті

Илон Маск АҚШ-тағы әр балаға SpaceX-тің бір акциясын беруге уәде етті
Фото: Andrew Harnik / Getty Images

Илон Маск 2027 жылы АҚШ-тағы әр балаға өзіне тиесілі SpaceX компаниясының бір акциясын беретінін мәлімдеді. Акциялардың қазіргі бағасын есепке алғанда, бұл бастаманың жалпы құны шамамен 10,7 млрд доллар немесе 9,5 млрд еуро болуы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.

АҚШ-та 18 жасқа толмаған 73 миллионға жуық бала бар. SpaceX акциясы жұма күнгі сауда қорытындысында 146,03 долларға бағаланған. Осы көрсеткіш бойынша Масктің уәдесін орындауға 10,66 млрд доллар қажет болады.

Әзірге кәсіпкер акциялардың нақты кімдерге және қандай тәртіппен берілетінін түсіндірген жоқ. Бағалы қағаздарды бөлу тетігі мен бастаманың талаптары да жарияланбады.

Масктің мәлімдемесі Anthropic компаниясы акцияларының 5 пайызын жаңа қоғамдық игілік қорына беруге ниетті екенін хабарлағаннан кейін жасалды. Бұл бастама акционерлер мақұлдаған жағдайда жүзеге асырылады.

Компанияның мәліметінше, акциялар толығымен Anthropic-ке тиесілі жаңа құрылым — Anthropic Public Benefit Fund қорына беріледі. Акция құны өскен жағдайда қордың капиталы да ұлғая түсуі мүмкін.

"Мен акцияларды тікелей халыққа беруге кеңес берер едім", - деп жазды Илон Маск Anthropic бастамасына пікір білдіріп.

Осыдан кейін ол келесі жылы SpaceX-тің бір акциясын АҚШ-тағы әр балаға үлестіруге уәде берді. Дегенмен әзірге бұл мәлімдеменің нақты жоспары мен құқықтық тетіктері ұсынылған жоқ.