Журналист Бибігүл Жексенбай «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы басқармасы төрағасының орынбасары болып тағайындалғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бибігүл Жексенбайдың жаңа қызметке тағайындалғаны туралы ақпаратты ProKadry.kz порталы 2026 жылғы 22 қазанда жариялады.
Бибігүл Нұрғалиқызы Жексенбай 1971 жылғы 2 желтоқсанда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Сондай-ақ Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде білім алған.
Еңбек жолын журналистикадан бастаған. 1990-жылдары «Спорт», «Жас Алаш» басылымдарында жұмыс істеп, кейін «Хабар» агенттігінде журналист, продюсер және Астанадағы орталық бюро директорының орынбасары қызметтерін атқарған.
2007–2008 жылдары «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясында ақпараттық-талдамалық бағдарламалар дирекциясының директоры болған. Кейін «Жетінші арнада» басшылық қызметтер атқарып, 2019 жылы «Астана» телеарнасының бас директоры болып тағайындалған.
Бұдан бөлек, Бибігүл Жексенбай Сенат төрағасының бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарған. 2023 жылғы қаңтардан 2026 жылғы 1 шілдеге дейін Астана қаласынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болған. Сондай-ақ Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары және Қазақстан Азаматтық альянсы басшылығының мүшесі ретінде қызмет атқарған.