Шығыс Қазақстанда шахта суын өзенге ағызған компания жауапқа тартылды

Шығыс Қазақстанда шахта суын өзенге ағызған компания жауапқа тартылды
Ашық дереккөз

Шығыс Қазақстан облысында шахта суын Березовка өзеніне ағызған Dengbo Success Minerals LTD компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ісі сотқа жіберілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Шығыс Қазақстан облысының экология департаменті шахта суын Березовка өзеніне ағызған Dengbo Success Minerals LTD компаниясын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бұл туралы YK-News.kz хабарлады.

Экология департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328, 331, 337 және 358-баптары бойынша жауапкершілікке тартылған.

Сонымен қатар 2026 жылғы 20 қазандағы жағдай бойынша компанияның экологиялық рұқсаты болмаған. Іс материалдары заңнамада белгіленген тәртіппен қарау үшін сотқа жолданған.

Департаменттің мәліметінше, кен орнында іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілген кезде шахта суы сорғылар арқылы тартылып, Березовка өзеніне ағызылған.

Осыған байланысты мамандар қоршаған ортаға келтірілген ықтимал әсерді бағалау үшін өзен суы мен топырақтан сынама алған. Зертханалық зерттеулер нәтижесінде өзен суы мен топырақ құрамында ластаушы заттардың мөлшері жоғарылағаны анықталған.

Экология департаменті кәсіпорынға анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берген. Сондай-ақ кен орны аумағындағы шахта суларының, ластанған жаңбыр және еріген қар суларының су айдындарына түсуіне жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдау міндеттелген.