Ақмола облысында халықаралық «Қансонар-2026» турнирі өтті

Ақмола облысында халықаралық «Қансонар-2026» турнирі өтті

Ақмола облысының Зеренді ауданындағы Айдарлы ауылында Мәсіп Батырханұлы атындағы халықаралық «Қансонар-2026» құсбегілік турнирі өтті. Дәстүрлі додаға Қазақстанның он облысынан және шетелдерден келген құсбегілер қатысып, ұлттық саятшылық өнеріндегі шеберліктерін көрсетті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Биылғы жарысқа халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, Азия чемпионаттарының жүлдегерлері және ұлттық спорт түрлерінен жоғары нәтижелерге қол жеткізген тәжірибелі спортшылар жиналды.

Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ардақ Төлендиннің айтуынша, жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар арасындағы бәсеке тартысты өткен. Оның сөзінше, төрешілердің жұмысына қатысты қатысушылар тарапынан наразылық болмаған.

Ақмола облысының намысын Ерлан Кенжетаев пен Игорь Кочевников бастаған құсбегілер қорғады. Биыл өңір үшін тағы бір жағымды жаңалық болды: жарысқа алғаш рет Ақмола облысынан қыз бала қатысты. Ол құсбегілік өнерді екі жылдан бері меңгеріп келеді. Сонымен қатар ұлттық спортқа қызығушылық танытқан төрт жас спортшы да өз мүмкіндіктерін сынады. Олардың ішіндегі ең жасы – Ақмола облысынан келген 14 жастағы қатысушы.

Ардақ Төлендиннің мәліметінше, бүгінде өңірдегі он спорт мектебінде ұлттық спорт түрлері жүйелі түрде дамытылып келеді. Әсіресе Зеренді және Бурабай аудандарының спортшылары республикалық жарыстарда тұрақты түрде жүлделі орындарға ие болып, Қазақстан ұлттық құрамасы сапында халықаралық додаларға қатысып жүр.

Турнирдің негізгі мақсаты – қазақтың ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау, ата-бабадан аманат болып жеткен құсбегілік өнерді сақтау және оны халықаралық деңгейде таныту. Осыған орай жарыс өтетін аумақта қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін дәріптейтін этноауыл ұйымдастырылды. Мұнда шетелдік қонақтар ұлттық мәдениетпен жақынырақ танысып, асық ату және садақ ату бойынша көрсетілімдерді тамашалай алды.

Биылғы турнирге Түркиядан келген Мутлу да қатысты. Ол Қазақстанға алтыншы рет келіп отыр. Құсбегінің айтуынша, қазақ халқына және ұлттық саятшылық өнеріне деген ықыласы оны елімізге қайта-қайта оралуға жетелейді.

«Мен Қазақстанды да, қазақ халқын да жақсы көремін. Құсбегілік – ата-бабадан қалған ерекше өнер. Бұл жарысты мен жай ғана бәсеке деп қабылдамаймын. Мен үшін бұл – достарыммен, бауырларыммен қауышатын үлкен кездесу. Ең бастысы – достық пен бауырластық», – дейді Мутлу.

Ол Түркияда құсбегілік жарыстарын ұйымдастыруда бірқатар қиындық бар екенін атап өтті. Соған қарамастан, болашақта өз елінде де осындай халықаралық турнирлер өткізуге ниетті екенін жеткізді. Сондай-ақ қазақстандық құсбегілерді Түркияға шақырып, тәжірибе алмасуға мүдделі екенін айтты.

Халықаралық «Қансонар-2026» турнирі ұлттық мұраны дәріптеумен қатар, әр елдің өкілдері арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, тәжірибе алмасуға жол ашты. Мұндай шаралар құсбегілік өнердің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуына және қазақ мәдениетінің халықаралық деңгейде танылуына ықпал етеді.

Турнир қорытындысы бойынша бүркіт, ителгі және қаршыға бағыттарында үздіктер анықталды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сертификаттар және арнайы сыйлықтар табысталды.

Қаршыға бағыты бойынша:

1.⁠ ⁠Бірінші орын – Берікболсын Жалғасұлы (Жамбыл облысы).
2.⁠ ⁠Екінші орын – Ерасыл Серкбекұлы (Астана қаласы).
3.⁠ ⁠Үшінші орын – Ақжол Карчиганов (Ресей).

Бүркітшілер сайысы бойынша:

1.⁠ ⁠Бірінші орын – Шыңғыс Уәлихан (Ақмола облысы).
2.⁠ ⁠Екінші орын – Байрақ Тастанбек (Ақтөбе облысы).
3.⁠ ⁠Үшінші орын – Жандарбек Сағидуллаев (Алматы қаласы).

Ителгі бағыты бойынша:

1.⁠ ⁠Бірінші орын – Темірәлі Төлегенұлы (Қарағанды облысы).
2.⁠ ⁠Екінші орын – Ерлан Кенжетаев (Ақмола облысы).
3.⁠ ⁠Үшінші орын – Мутлу Кызылбуга (Түркия).