Астанада «Скотокрад» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ауыл шаруашылығы жануарларын заңсыз өңдейтін цех анықталып, шығу тегі белгісіз 360 келі мал өнімі жойылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Астанада ауыл шаруашылығы жануарларын заңсыз өңдеп, бөлшектейтін жасырын цех анықталды. Бұл дерек «Скотокрад» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында белгілі болды. Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Астана қаласы бойынша аумақтық инспекциясының мәліметінше, аталған нысанда тиісті рұқсат құжаттарынсыз ет өнімдерін өңдеу жұмыстары жүргізілген.
Атап айтқанда, екінші санаттағы нысандарға қойылатын ветеринариялық-санитариялық қорытынды мен есептік нөмір болмаған.
Анықталған дерек бойынша мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар қой етінен сынама алған. Үлгілер зертханалық зерттеулер жүргізу үшін «Республикалық ветеринариялық зертхана» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Астана өңірлік филиалына жіберілген.
Құқық бұзушылыққа кінәлі тұлғаға әкімшілік айыппұл салынған. Сонымен қатар шығу тегі белгісіз ірі және ұсақ қара малдың жалпы салмағы 360 келі болатын ішкі ағзалары мен қосалқы өнімдері жойылған. Олар «Астана-Ветсервис» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының инсинератор пешінде өртелген.
Ведомство мәліметінше, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.