Қостанай облысында аңшылық қару мен оқ-дәрі ұрланған

Қостанай облысында аңшылық қару мен оқ-дәрі ұрланған
pixabay.com

Қостанай облысының тұрғыны тұрғын үйге заңсыз кіріп, қару-жарақ пен оқ-дәрі ұрлағаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қостанай облысында қару-жарақ пен оқ-дәрі ұрлаған ер адам төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Қостанай облысының Бейімбет Майлин аудандық соты хабарлады.

Сот қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша айыпталушыны ең жоғары қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде төрт жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. Сотталушының кінәсін мойындауы, қылмыстың ашылуына белсенді түрде көмектесуі және шын жүректен өкінуі жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерілген. Сонымен қатар оның әрекеттері қылмыстардың қайталануы ретінде танылған.

Сот анықтағандай, 2026 жылғы 14 тамызға қараған түні ер адам Бейімбет Майлин ауданының Новоильиновка ауылындағы тұрғын үйге ашық тұрған терезе желдеткіші арқылы заңсыз кірген.

Үйдің ішінен ол екі аңшылық пышақты, патрондарға арналған белдікті, мылтық қапшығын, камуфляж түсті рюкзакты, патрон салынған кеудешені, «Вепрь-308-Супер» маркалы аңшылық карабинін, оптикалық көздеуішті, мылтыққа арналған дүмді және оқ-дәрілерді жасырын түрде ұрлаған.

Соттың мәліметінше, келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы 1 млн 157 мың теңгені құраған.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны алты жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Алайда сот істің мән-жайларын және жауаптылықты жеңілдететін факторларды ескеріп, төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.

Сотталушы тағылған айыпты толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін білдірген.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.