Ташкентте сәулет органдарының рұқсатынсыз салынған 720-дан аса көпқабатты үй анықталды. Бұл туралы Өзбекстанның құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрі Шерзод Хидоятов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, мұндай нысандар бүкіл ел бойынша түгенделген. Қазір олармен Бас прокуратура айналысып жатыр. Үйлерді пайдалануға беру үшін арнайы тәртіп әзірленіп жатыр. Нысандардың беріктігі тексеріліп, балалар алаңдары, автотұрақтар және қажет инфрақұрылым бар-жоғы бағаланады.
Мәселе 13 қазанда Үкімет сағатында көтерілді. Депутат Дилмурод Исмоилов көпқабатты үйлердің маңында балалар және спорт алаңдары, автотұрақтар жетіспейтінін айтты.
Хидоятовтың сөзінше, 2024 жылдың соңында бекітілген Ташкенттің бас жоспарына дейін аукционға шығарылған жерлерде рұқсатсыз тұрғын үйлер салынған. Қазір құрылысқа рұқсат беру талаптары күшейтіліп, жобаларды тексеретін электрон жүйеге жасанды интеллект енгізілген.