Дүйсенбіде Түркияның ең ірі қаласы Ыстамбұл мен оның маңында су тасқынынан қаза тапқандар саны сегізге жетті. Кейінгі 80 жылдан аса уақыттағы қатты нөсерден кейін құтқарушылар тағы бірнеше адамның сүйегін тапты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ыстамбұл губернаторы Давут Гүл алты адам қаланың өзінде көз жұмғанын айтты. Тағы екі адамның сүйегі мегаполистің оңтүстік-шығысындағы шеткі аудандардан табылған.
"Коджаэли провинциясында іздестіру-құтқару топтарымыз су тасқыны Пендик ауданына дейін алып кеткен екі адамның сүйегін тапты. Осылайша, олардың саны сегізге жетті", - деді губернатор. Оның айтуынша, із-түссіз жоғалған тағы бір адамды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
14 қазанда қалада нөсер жауын жауып, тіршілікке кедергі келтіріп, аяқ астынан су тасқынына ұласты. Табиғи апат кезінде түсірілген кадрларда су көліктер мен адамдарды ағызып әкеткені көрінеді.