Ресей Қазақстаннан визасыз шетел азаматтарына арналған электронды рұқсат беру жүйесін енгізу тәртібіне қатысты түсініктеме күтеді. Бұл туралы Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мәселеге Қазақстан үкіметінің визасыз режиммен келетін шетел азаматтары үшін электронды рұқсат (ETA) жүйесін енгізу туралы қаулысы себеп болған. Жаңа талап Ресей азаматтарына да қатысты.
Мария Захарова Қазақстанның көші-қон заңнамасын өзгерту құқығын құрметтейтінін атап өтті. Сонымен бірге ол Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) азаматтарына қатысты жаңа тәртіптің қалай қолданылатыны жөнінде нақты түсініктеме қажет екенін айтты.
2027 жылғы 1 шілдеге дейін электронды рұқсаттың болмауы Қазақстанға кіруден бас тартуға негіз болмайды. Бұл кезеңде шекара қызметкерлері азаматтарға жаңа талаптарды түсіндірумен шектеледі.
Алайда 2027 жылғы 1 шілдеден бастап электронды рұқсат алу тәртібі визасыз келетін барлық шетелдік азаматтар үшін міндетті болады.