Өзбекстан кейінгі жылдары АҚШ пен Қытайдың Орталық Азиядағы басты экономикалық серіктестерінің біріне айналды. Қытай премьері Ли Цянның Ташкентке сапарынан кейін көп ұзамай АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың Самарқандқа келуі екі алпауыттың аймаққа деген қызығушылығы күшейгенін көрсетті. Мәселен, Бейжіңмен бірлескен жобалардың жалпы құны 60 млрд долларға жуықтаса, Вашингтон өкілдерінің қатысуымен 12 млрд долларлық 54 келісім жасалды. Екі державаның соңғы қадамдарын Өзбекстандағы ықпалын арттыруға бағытталған бәсеке деп бағалауға бола ма? Dalanews.kz редакциясы аталған мәселені саясаттанушы, шығыстанушы, халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Жанат Момынқұловпен талқылады.
17 қазанда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қытай Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цянды қабылдады. Кездесуде екі ел арасындағы нақты келісімдерге негізделген жобалар қоржыны 60 млрд долларға жуықтағаны және Өзбекстанда Қытай капиталы қатысатын 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейтіні айтылды. Екі күннен кейін Самарқандта АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың қатысуымен өткен бизнес кеңесте 12 млрд долларлық 54 сауда, инвестициялық және технологиялық келісімге қол қойылды.
Жанат Момынқұловтың пікірінше, бұл үдерістен АҚШ пен Қытай арасындағы бәсекенің белгілері анық байқалады. Алайда Өзбекстанды алпауыт мемлекеттердің ықпалындағы пассив ел ретінде қарастыру дұрыс емес. Керісінше, Ташкент ірі державалардың қызығушылығын келіссөздегі мүмкіндігін арттыратын құрал ретінде пайдаланып отыр.
"Бұл жағдайды тек Вашингтон мен Бейжің арасындағы текетірес деп бағалау жеткіліксіз. Өзбекстан үшін алпауыттар бәсекесі – келіссөздегі мүмкіндігін кеңейтетін геосаяси ресурс. Ташкент серіктестердің бірін екіншісімен алмастыруды емес, таңдау мүмкіндігін көбейтуді көздейді", – дейді сарапшы.
Марко Рубионың Өзбекстанды Орталық Азиядағы халқы ең көп, негізгі әрі тірек мемлекет ретінде атауы да кездейсоқ емес. Сарапшы мұны елдің демографиялық әлеуеті, ішкі нарығы және сыртқы саясаттағы дербестігімен байланыстырады.
Оның айтуынша, Өзбекстанның Қазақстаннан басты айырмашылығы – Ресей жетекшілік ететін экономикалық және әскери-саяси ұйымдарға мүше болмауы. Бұл Ташкентке сыртқы саясатта еркін әрекет етуге және АҚШ-пен ынтымақтастықты институционалдық шектеулерсіз дамытуға мүмкіндік береді.
"Қазақстанның Ресеймен экономикалық және қауіпсіздік саласындағы байланыстары әлдеқайда тығыз. Сондықтан еліміздің жаңа бағыттарға батыл шығуына белгілі бір геосаяси тәуелділік кедергі келтіреді. Ал Өзбекстанның маневр жасау кеңістігі кеңірек", – деп түсіндірді Жанат Момынқұлов.
Қытай мен АҚШ Өзбекстанға не ұсынып отыр?
Сарапшының сөзінше, Қытай мен АҚШ Өзбекстанға бірдей ұсыныспен келіп отырған жоқ. Екі мемлекеттің экономикалық ықпал ету құралдары мен басым бағыттары әртүрлі.
Қытайдың басты артықшылығы – географиялық жақындығы, жоғары сауда көлемі және инфрақұрылымдық жобаларды жылдам іске асыру тәжірибесі. Бейжің энергетикаға, көлік дәліздеріне, өнеркәсіп пен өндіріс орындарына инвестиция салу арқылы Өзбекстан экономикасындағы ұзақ мерзімді орнын нығайтып келеді.
АҚШ болса, заманауи технологияға, халықаралық капиталға, авиацияға, цифрландыруға және стратегиялық минералдарды терең өңдеуге басымдық беріп отыр. Самарқандта жасалған келісімдер өнеркәсіпті жаңғырту, көлік және энергетикалық инфрақұрылым, қаржы, ауыл шаруашылығы, медицина мен білім салаларын қамтиды.
"Қытай нарық, инфрақұрылым және өндірістік байланыс ұсынады. АҚШ-тың артықшылығы – озық технология, жаһандық қаржы жүйесіне шығу мүмкіндігі, авиация, цифрландыру және сапалы өндірістік жабдық. Сондықтан бұл жерде тек инвестиция көлемін салыстыру жеткіліксіз. Қаражаттың нақты экономикалық қатынасқа қалай айналатынына қарау қажет", – дейді саясаттанушы.
АҚШ үшін Өзбекстан мен жалпы Орталық Азияның уран, сирек металдар және басқа да стратегиялық шикізат қоры маңызды. Вашингтон осы ресурстарды жеткізу бағыттарын әртараптандыруға, Қытайға тәуелді өндірістік тізбектерді қысқартуға және америкалық компанияларға жаңа нарық ашуға мүдделі.
Соған қарамастан, АҚШ аймақ мемлекеттерінен Ресеймен немесе Қытаймен байланысын үзуді ашық талап етіп отырған жоқ. Жанат Момынқұловтың пайымдауынша, Вашингтонның қазіргі мақсаты - Орталық Азияда Қытай мен Ресейге балама үшінші ірі экономикалық және стратегиялық серіктеске айналу.
60 және 12 млрд доллар: сандар нені білдіреді?
Қытаймен бірлескен жобалардың жалпы қоржыны 60 млрд долларға жуықтаса, АҚШ компанияларымен жасалған 54 келісімнің құны 12 млрд доллар деп көрсетілді. Алайда сарапшы бұл сомаларды нақты игерілген инвестиция ретінде қабылдамау керегін ескертеді.
Өзбекстан үкіметінің мәліметінде де америкалық компаниялармен жасалған келісімдердің құны жобалар толық іске асқан жағдайда 12 млрд долларға жететіні көрсетілген. Демек, әзірге олардың бір бөлігі – алдағы уақытта жүзеге асырылуы тиіс жобалар мен инвестициялық міндеттемелер.
"Миллиардтаған доллар туралы жарияланған сандардың барлығы ел экономикасына бірден құйылған қаражат емес. Оның ішінде жоспарланған жобалар, меморандумдар мен инвестициялық міндеттемелер бар. Сондықтан инвестиция көлемі мен нақты экономикалық нәтижені бір-бірінен ажыратып қарау қажет", – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, Өзбекстан үшін негізгі өлшем келісімдердің жалпы сомасы емес, сол жобалардың қанша жұмыс орнын ашатыны, қандай технология әкелетіні және өндірілген өнімнің қосылған құны қаншалықты ел ішінде қалатыны болуы керек.
Қытаймен әріптестік энергетика, көлік инфрақұрылымы мен өнеркәсіптік өндірісті дамытуға мүмкіндік береді. АҚШ-пен байланыс авиация, теміржол техникасы, цифрлық технологиялар, қаржы нарығы мен стратегиялық минералдарды өңдеу бағыттарын әртараптандыра алады.
"Егер келісімдер жергілікті өндірісті дамытпаса, технология әкелмесе және ұлттық кадрларды даярлауға ықпал етпесе, миллиардтаған сома есепте ғана қалып, сыртқы тәуелділікті тереңдетуі мүмкін", – деп атап өтті Жанат Момынқұлов.
АҚШ Қытайды толық алмастыра алмайды
2025 жылы Өзбекстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 17 млрд доллардан асты. Ал АҚШ Сауда өкілдігінің дерегінше, АҚШ пен Өзбекстанның тауар және қызмет саудасы шамамен 1,7 млрд долларды құрады. Бұл Бейжіңнің экономикалық ықпалы Вашингтонмен салыстырғанда әлдеқайда ауқымды екенін көрсетеді.
Жанат Момынқұлов қысқа мерзімде АҚШ-тың Қытаймен сауда және инвестиция көлемі бойынша теңесуі қиын деп есептейді. Қытайдың Өзбекстандағы өндірістік және инфрақұрылымдық қатысуы кеңейіп, екі ел арасында қалыптасқан сауда желілері жұмыс істеп тұр.
Дегенмен АҚШ-тың ықпалын тек сауда көлемімен өлшеуге болмайды. Вашингтон технология, халықаралық қаржы, авиация, цифрлық шешімдер және стратегиялық шикізатты терең өңдеу арқылы маңызды рөл атқара алады.
"АҚШ Қытайды толық алмастыратын баламаға айналмайды. Бірақ ол Өзбекстанның бір ғана экономикалық орталыққа шамадан тыс тәуелді болуына жол бермейтін маңызды қарсы салмақ бола алады. Егер Вашингтон Орталық Азия елдерін әлемдік өндіріс пен жеткізу тізбектеріне қоса алса, оның ықпалы тұрақты сипат алады", – дейді халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы.
Бәсеке бүкіл Орталық Азияға мүмкіндік береді
Ірі державалардың Орталық Азияға қызығушылығы аймақ мемлекеттерінің келіссөздегі салмағын арттырып отыр. Бірақ сарапшы көпвекторлы саясатты сыртқы күштер арасында жай ғана тепе-теңдік сақтаумен шектеуге болмайтынын айтады. Оның басты мақсаты – алпауыттар арасындағы бәсекені ұлттық даму міндеттеріне бағындыру.
Қытай аймаққа нарық, инвестиция және инфрақұрылым ұсынады. АҚШ технологияға, капиталға және жаһандық қаржы жүйесіне жол ашады. Ресей сауда, еңбек көші-қоны және қауіпсіздік салаларындағы бұрыннан қалыптасқан маңызды серіктес болып қала береді.
"Орталық Азия елдері ірі державалардың дайын ұсыныстарын қабылдай бермеуі керек. Керісінше, ынтымақтастықтың шарттарын өздері айқындауға тиіс. Көлік дәліздері, энергетика және сирек металдар саласында тек шикізат жеткізуші немесе транзиттік аумақ болып қалмай, өндірістік әрі технологиялық тізбектің толыққанды қатысушысына айналуымыз қажет", – дейді Жанат Момынқұлов.
Бұл талап Қазақстанға да тікелей қатысты. Сарапшының пікірінше, Астана инвестиция үшін бәсекеде белсенділік танытып, шикізатты ел ішінде өңдеу, технология трансфері және жоғары қосылған құны бар өндіріс құру талаптарын алға шығаруы керек.
Өзбекстан аймақтың жаңа орталығына айнала ма?
Жанат Момынқұлов Өзбекстанның соңғы он жылда Орталық Азиядағы ынтымақтастыққа оң ықпал етіп, өңірлік бірліктің негізгі өзектерінің біріне айналғанын атап өтті. Халық саны, ішкі нарық, өндірістік әлеует және дербес сыртқы саясат Ташкенттің салмағын арттырып отыр.
Сонымен бірге Өзбекстанның көлік-логистикалық бағыттарды әртараптандыру әрекеті Қазақстан үшін бәсекелестік туғызуы мүмкін. Сарапшы Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан бағытының әрі қарай Түрікменстан мен Каспийге жалғасуы жүк ағындарының белгілі бір бөлігін Қазақстаннан айналып өткізуі ықтимал екенін айтады.
"Өзбекстан шетелдік инвестицияға қолайлы жағдай жасап, капиталды өзіне ғана емес, тұтас аймаққа тартуға тырысып жатыр. Бірақ Қытайдан Өзбекстан мен Түрікменстан арқылы Каспийге шығатын бағыттар дамыса, жүк ағынының бір бөлігі Қазақстанды айналып өтуі мүмкін. Бейнелеп айтқанда, Ташкент көрпені өзіне қарай тартуға ұмтылып отыр. Сондықтан Астананың да белсенділігі аса маңызды", – деді ол.
Саясаттанушының пікірінше, Өзбекстан алпауыттар арасындағы бәсекені өз пайдасына жарата алады. Бірақ ол үшін үш талап орындалуы қажет. Біріншіден, әр келісімнің қаржыландыру көзі, іске асыру мерзімі және тараптардың міндеттемелері ашық көрсетілуге тиіс. Екіншіден, жергілікті өндіріс, технология трансфері, кадр даярлау және экспортты арттыру талаптары қойылуы керек. Үшіншіден, бір мемлекеттің капиталына, технологиясына немесе нарығына шамадан тыс тәуелділікке жол бермеу қажет.
"Қытай да, АҚШ та Өзбекстанға өз стратегиялық мүддесімен келеді. Бұл – халықаралық саясаттың қалыпты заңдылығы. Өзбекстанның міндеті бір державаның жағына шығу емес, олардың мүмкіндігін өзінің даму стратегиясына пайдалану. Орталық Азияның болашағын АҚШ пен Қытайдың бәсекесінен гөрі, аймақ мемлекеттерінің сол бәсекені қаншалықты сауатты басқаратыны анықтайды", – деп қорытындылады Жанат Момынқұлов.