Педагог-ассистенттердің еңбекақысы өңірлерде әркелкі есептеледі – депутат

Педагог-ассистенттердің еңбекақысы өңірлерде әркелкі есептеледі – депутат
Quryltai

«Әділет» партиясының депутаты Айнагүл Балташева педагог-ассистенттердің апталық нормативтік оқу жүктемесін 16 сағат етіп бекітіп, еңбекақы есептеудің бірыңғай тәртібін енгізуді ұсынды. Депутат бұл мәселені Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға жолдаған сауалында көтерді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңға жуық бала тіркелген. Ал білім беру ұйымдарында шамамен 6,5 мың педагог-ассистент жұмыс істейді.

Балташева педагог-ассистенттер ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың білім алуына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне, дербестік дағдыларын дамытуына және өзіне деген сенімін қалыптастыруына көмектесетінін атап өтті. Сондықтан олардың еңбек жағдайы мен еңбекақысын әділ реттеу инклюзивті білім берудің сапасына тікелей әсер етеді.

Депутаттың сөзінше, қазіргі нормативтік реттеуде педагог-ассистенттердің апталық оқу жүктемесі мен жұмыс уақытын есептеу тәртібін нақтылау қажет. Бұған дейін олардың еңбекақысын есептеу кезінде аптасына 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесі қолданылған. Алайда қолданыстағы ережелердегі айқындықтың жеткіліксіздігі өңірлерде жұмыс уақытын әркелкі есептеуге мүмкіндік беріп отыр.

Осыған байланысты Айнагүл Балташева Оқу-ағарту министрлігіне үш ұсыныс енгізді.

Біріншіден, «Педагог мәртебесі туралы» заң талаптарын ескере отырып, педагог-ассистенттердің аптасына 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесін құқықтық тұрғыдан бекіту мүмкіндігін қарастыру және оған қаржылық негіздеме әзірлеу ұсынылды.

Екіншіден, баланы тікелей сүйемелдеуге жұмсалатын уақытты сабаққа дайындалу, педагогтермен бірлесіп жұмыс істеу және құжаттама жүргізу секілді өзге кәсіби міндеттерден ажыратып, жұмыс уақытын есепке алу тәртібін белгілеу қажет.

Үшіншіден, педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен еңбекақысын есептеудің республика бойынша бірыңғай тәртібін енгізу ұсынылды.

«Педагог-ассистенттің еңбек құқығын қорғау – ерекше баланың сапалы білім алу құқығын қорғау», – деп атап өтті депутат.

Айнагүл Балташева көтерілген мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен жазбаша жауап беруді сұрады.