FlyArystan әуекомпаниясының тағы бір ұшағы Семейге жетпей, Алматыға қайта келген. Бұл туралы журналист Руслан Өтепбай әлеуметтік желідегі парақшасында айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның сөзінше, Семейге жетуге 40 минут уақыт қалғанда ұшақ техникалық себептерге байланысты Алматы әуежайына қайта қонған. Осылайша, 150 адам қайта әуежайға кірген.
"Ардақты ағайын, іссапармен Семейге келдім. Бірақ бұл сапардың басталуы оңай болған жоқ. Әуежайда тіркеуден өтіп, ұшаққа жайғастық. FlyArystan бұл жолы бізді таңғалдырып, уақытында ұшты. Бәрі жоспар бойынша келе жатқандай еді… Алайда Семейге жетуге 1 сағат қалғанда, күтпеген жағдай болды. Оқиға біз күтпеген бағытта өрбіді", - деді ол.
Журналистің сөзінше, үш жарым сағаттан кейін ұшақ қайта ұшқан. Ол Семейге жалпы он сағатта жеткенін айтты. Әуекомпания бұл жағдайға қатысты әзірге пікір білдірген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін FlyArystan ұшағы Павлодарға да жете алмай, Алматыға кері қайтты.