Каспий жағалауына шығып қалған 173 бекіре балығы анықталды

Каспий жағалауына шығып қалған 173 бекіре балығы анықталды
lada.kz

Маңғыстау облысы Қарақия ауданында Каспий теңізі жағалауына бекіре тұқымдас 173 балықтың өлексесі шығып қалған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Облыстық балық инспекциясы басқармасы мәліметінше, 20 қазанда мамандар "Өмір глэмпинг" демалыс базасынан Песчаный мүйісіне дейінгі, одан әрі Құрық портына дейінгі жағалауды тексерген. Нәтижесінде 15 шақырым аумақтан 173 балықтың өлексесі табылған. Олар бір жерге үйіліп қалмай, жағалауда шашырап жатқан.

Мамандардың болжамынша, қатты батыс желі өлі балықтарды жағаға шығарған. Олардың жұмсақ тіндерінен гистологиялық және токсикологиялық зерттеулерге сынама алу мүмкін болмаған.

"Осыған байланысты балықтардың қырылу себебін анықтау мүмкін емес. Сырттай тексеру кезінде олардан балық аулау торларының іздері, сондай-ақ, ауыз қуысынан қармақ құралдарынан қалған тесілген іздер анықталған жоқ", - деді балық инспекциясы басқармасы өкілдері.

Қазір мамандар теңіз суынан сынама алып жатыр. Өлекселерді жинау, тасымалдау және жою жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Оқиға туралы Қарақия аудандық полициясына, Маңғыстау облысының Экология департаментіне және жергілікті атқарушы органдарға хабарланған.