Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы кедендік ынтымақтастықтың жаңа форматы екі елдің кәсіпкерлеріне өзбек тарапындағы өзгерістер туралы ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Мәди Тәкиев Құрылтай депутаты Назгүл Таудың сұрағына жауап беру кезінде айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы мен логистикалық байланыстар қарқынды дамып келеді. Соңғы екі жылда екі ел арасындағы тауар айналымы 8 млрд долларға жеткен. Осыған байланысты кедендік реттеу сапасын арттыру мәселесі өзекті болып отыр.
Назгүл Тау жаңа келісімге қол қойылғанға дейін екі ел арасындағы кедендік өзара іс-қимыл қалай ұйымдастырылғанын, бұрынғы форматта қазақстандық кәсіпкерлер қандай мәселелерге тап болғанын және келісімнен кейін қандай практикалық көмек ала алатынын сұрады.
Мәди Тәкиевтің сөзінше, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бұрынғы келісім 1998 жылы жасалған. Сонымен қатар екі елдің өзара іс-қимылын реттейтін басқа да келісімдер, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ пен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аясындағы құжаттар бар.
Министрдің түсіндіруінше, жаңа келісімнің негізгі міндеті – тараптардың өкілдіктерінің функцияларын айқындау. Ал қазақстандық кәсіпкерлер үшін оның практикалық маңызы Өзбекстан тарапынан енгізілетін өзгерістер туралы ақпаратты жедел жеткізу және нақтылау болмақ.
«Өзбекстан тарапынан кәсіпкерлерге қатысты жаңа өзгерістер болса, оны тез жеткізу, тез анықтап көрсету – ең үлкен функциясы болады», – деді Мәди Тәкиев.