Президент Берік Асыловты қабылдады

Президент Берік Асыловты қабылдады
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурор Берік Асыловты қабылдады. Кездесуде елдегі қылмыстық ахуал, заңсыз активтерді қайтару, азаматтардың құқықтарын қорғау және прокуратура органдарының атқарған жұмысы талқыланды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Берік Асылов Мемлекет басшысына еліміздегі заңдылықтың сақталуы мен қылмыстың алдын алу бағытында қабылданған шаралар туралы есеп берді.

Бас прокурордың мәліметінше, биылғы тоғыз айда Қазақстанда қылмыстық құқықбұзушылықтар саны 14,6 пайызға азайған. Оның ішінде қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 22,3 пайызға, көшедегі құқықбұзушылықтар 20,1 пайызға төмендеген.

Құқық қорғау органдары интернет-алаяқтық, есірткі қылмысы және қоғамға қауіп төндіретін өзге де заңсыз әрекеттермен күресті күшейткен. Бұл бағыттағы жұмыстар басқа мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп жүргізіліп жатыр.

Қазақстанға 1,3 трлн теңгенің активі қайтарылды

Кездесуде заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жұмыстарының нәтижесі де жарияланды.

Берік Асыловтың мәліметінше, бүгінге дейін жалпы құны 1,3 триллион теңгеге жететін активтер мемлекетке қайтарылған. Бұл қаражат әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуға және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған.

«Осы қаражат есебінен 466 әлеуметтік инфрақұрылымның құрылысы мен реконструкциясы қаржыландырылды, оның 378-і аяқталды», – делінген ресми хабарламада.

Атап айтқанда, еліміздің алты облысында ірі медициналық нысандар пайдалануға берілген. Астанада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы футбол стадионының құрылысы аяқталған. Сондай-ақ Балқаш, Павлодар және Арқалық қалаларындағы әуежайларды жаңғырту жұмыстары жүргізілген.

Бас прокуратура шетелге шығарылған активтерді қайтару және қылмыс жасаған адамдарды экстрадициялау бағытында халықаралық ынтымақтастықты да кеңейтіп келеді.

Ведомство осы уақытқа дейін 39 юрисдикциямен 92 екіжақты келісімге қол қойған. Соның нәтижесінде Қазақстанға 50 адам экстрадицияланған. Ал елімізден шет мемлекеттерге 123 адам берілген.

413 мың азаматтың құқығы қалпына келтірілді

Бас прокурор азаматтардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау бағытында атқарылған жұмыстарға да тоқталды.

Оның мәліметінше, прокуратура органдарының араласуымен 413 мың адамның конституциялық құқығы қалпына келтірілген. Соның ішінде 200 мыңнан астам жұмыскердің еңбек құқығы қорғалған.

«Еңбекақы бойынша 2,5 миллиард теңге, алимент бойынша 7,9 миллиард теңге берешек өндірілді», – деп көрсетілген ресми мәліметте.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қаржының жұмсалуына жүргізілген қадағалау барысында жалпы сомасы 535 миллиард теңгеге қатысты заң бұзушылықтардың жолы кесілген.

Прокуратура органдары қабылдаған шаралардың нәтижесінде бюджетке 66,4 миллиард теңге қайтарылған.

Үш мыңнан астам инвестициялық жоба прокурорлардың бақылауында

Кездесуде инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселесіне де назар аударылды.

Берік Асылов Президенттің 2025 жылғы 17 желтоқсандағы Жарлығын орындау аясында инвесторларды қорғаудың жүйелі моделі енгізілгенін мәлімдеді.

Жыл басынан бері прокуратура органдары 2886 инвесторға көмек көрсеткен. Қазіргі уақытта прокурорлар 3,5 мың инвестициялық жобаның жүзеге асырылуын қадағалап отыр.

Инвесторлар тап болатын әкімшілік кедергілер мен өзге де мәселелерді дер кезінде анықтау үшін цифрлық технологиялардың мүмкіндігі пайдаланылмақ.

Атап айтқанда, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны «Цифрлық қадағалау» жүйесімен біріктіру көзделген. Бұл инвестициялық жобалардың іске асу барысын бақылап, туындаған түйткілдерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Тоқаев Бас прокуратураға қандай тапсырма берді?

Кездесу барысында Мемлекет басшысы елдегі заң үстемдігін қамтамасыз ету және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Соның ішінде «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда, әсіресе жастар арасында кеңінен насихаттау қажеттігі талқыланды.

Президент прокуратура органдарының жұмысын жетілдіру үшін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланудың маңызын да атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев барлық салада заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті нығайту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Мемлекет басшысы әсіресе сайлау кезеңінде құқықтық тәртіпті сақтау шараларын үйлестіруге баса мән беруді міндеттеді.

Сонымен қатар Президент Әділетті Қазақстанның конституциялық құндылықтарын мүлтіксіз сақтау қажеттігін атап өтті.