Назарбаевтың немересінің сұхбаты YouTube-тен жоғалып кетті

Назарбаевтың немересінің сұхбаты YouTube-тен жоғалып кетті
Нұралы Әлиев. Фото: ttc.kz

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі, кәсіпкер Нұралы Әлиев рухани тәжірибелері мен өмірден өткен жақындары туралы ашық әңгімеледі. Ол қайтыс болған туыстарының рухымен кездескендей әсер алғанын айтқан. Алайда кәсіпкердің екі сағатқа созылған сұхбаты кейін YouTube платформасында қолжетімсіз болып қалды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Нұралы Әлиев қазақстандық кәсіпкер Әсел Машанованың подкастына қатысып, жеке өмірі, діни сенімі және соңғы жылдары айналысып жүрген рухани ізденістері туралы баяндаған.

Кәсіпкер бұл тақырыптарға қызығушылығының қалай басталғанын да түсіндірді.

"Інімді емдеудің жолын іздедім"

Нұралы Әлиевтің айтуынша, оның дәстүрлі емес рухани тәжірибелерге ден қоюына марқұм інісі Айсұлтан Назарбаевтың жағдайы әсер еткен.

Айсұлтан көзі тірісінде есірткіге тәуелділік мәселесімен күрескен. Ағасы оған көмектесудің түрлі жолдарын қарастырып, осы ізденіс барысында психоделикалық тәжірибелерге қызығушылық танытқанын жеткізді.

"Мен үшін бұл, сөзсіз, ізденіс болды. Ең алдымен, қазір арамызда жоқ інімді емдеудің жолын іздедім", – деген Нұралы Әлиев.

Айта кетейік, Айсұлтан Назарбаев 2020 жылдың тамызында Лондонда 29 жасында қайтыс болды. Ұлыбританияда жүргізілген сараптама оның өліміне кокаиннен улану салдарынан жүректің тоқтауы себеп болғанын анықтаған.

"Өмірден өткен туыстарыммен кездестім"

Сұхбаттың көпшілік назарын аударған тұсы – Нұралы Әлиевтің ерекше рухани тәжірибелері туралы әңгімесі.

Кәсіпкер Оңтүстік Америкадағы кейбір дәстүрлі рәсімдерде қолданылатын аяваска атты психобелсенді сусынға қатысты тәжірибесін баяндаған.

Оның айтуынша, мұндай тәжірибеге қатыспас бұрын психоделикалық заттар туралы шамамен бес жыл бойы ақпарат жинап, зерттеген.

Сондай-ақ ол үш тәулік бойы толық қараңғылықта, сыртқы ортамен байланыссыз болғанын айтқан.

Нұралы Әлиевтің сөзінше, осы уақытта өзін өмірден өткен жақындарымен кездескендей сезінген.

"Мен өмірден өткен туыстарыммен кездестім. Олардың өздері екенін, олардың рухы екенін анық сезіндім", – деген кәсіпкер.

Дегенмен мұндай сезімдер мен елестерді қайтыс болған адамдардың рухымен шынайы кездесу деп ғылыми тұрғыдан растауға негіз жоқ. Психобелсенді заттар адамның қабылдауына және сана күйіне әсер етуі мүмкін.

Нұралы Әлиев дәстүрлі емес тәжірибелерге қызығушылық танытқанымен, өзін мұсылман санайтынын, мешітке барып, намаз оқитынын да жеткізген.

Екі сағаттық сұхбат неге өшірілді?

Кәсіпкердің Әсел Машановаға берген көлемді сұхбаты YouTube платформасында жарияланған.

Алайда кейін бейнежазба қолжетімсіз болып қалған.

Сұхбаттың неліктен жоғалғаны белгісіз. Оны автордың өзі алып тастағаны ма, әлде басқа себеп болғаны ма – бұл жөнінде расталған ақпарат жоқ.

Сұхбат авторы мен Нұралы Әлиев тарапынан бейнежазбаның қолжетімсіз болуына қатысты түсініктеме жарияланбаған.

Нұралы Әлиев кім?

Нұралы Әлиев – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен немересі, Дариға Назарбаева мен марқұм Рахат Әлиевтің тұңғыш ұлы.

Ол 1985 жылы дүниеге келген. Еңбек жолында қаржы және кәсіпкерлік салаларында жұмыс істеп, "Нұрбанк" жүйесінде басшылық қызметтер атқарған.

2014 жылдың желтоқсанында Астана қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Кейін мемлекеттік қызметтен кетіп, кәсіпкерлікпен айналысты.

Нұралы Әлиевтің есімі Forbes Kazakhstan басылымы жариялайтын ауқатты кәсіпкерлер тізімінде де аталған.

Соңғы жылдары ол рухани даму, медитация және адамның ішкі жан дүниесіндегі өзгерістер туралы көпшілік алдында пікір білдіріп жүр.