Орталық сайлау комиссиясы Гүлнар Тойлыбаеваны Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты ретінде ресми тіркеді. Оған депутаттық куәлік пен төсбелгі табысталды.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жаңадан тіркелген депутатқа тиісті құжаттар мен төсбелгіні тапсырды.
Оның айтуынша, бұған дейін «Әділет» партиясы Саяси кеңесі Бюросының Құрылтайдағы бос депутаттық мандатты партиялық тізімге енгізілген Гүлнар Тойлыбаеваға беру туралы шешімін Орталық сайлау комиссиясына жолдаған.
Нұрлан Әбдіров Құрылтай депутатының өкілеттігі Орталық сайлау комиссиясында ресми тіркелген сәттен басталатынын түсіндірді.
"Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заңның 44-бабына сәйкес, Құрылтай депутатының өкілеттігі Орталық сайлау комиссиясында депутат ретінде тіркелген сәттен басталады. Сіздің мол кәсіби тәжірибеңіз елдегі заң шығарушы билікті жүзеге асыратын жоғары өкілді органда нәтижелі жұмыс істеуге мүмкіндік беретініне сенімдімін", – деді Нұрлан Әбдіров.
Гүлнар Тойлыбаева кім?
Гүлнар Тойлыбаева мемлекеттік органдар мен партия құрылымдарында бірқатар қызмет атқарған.
Бұған дейін облыстық мәслихаттың хатшысы және төрағасы болған. Кейін Жетісу облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарды.
Еске салайық, Құрылтайдағы депутаттық орын Татьяна Савельеваның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғаннан кейін босаған еді. Кейін Савельеваның Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары қызметіне тағайындалғаны белгілі болды.