Журналистер Құрылтайдағы брифинг өткізу тәртібін өзгертуді ұсынды

Журналистер Құрылтайдағы брифинг өткізу тәртібін өзгертуді ұсынды
QURYLTAI

Астаналық 39 журналист Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебайға ұжымдық хат жолдап, брифингтерде талқыланып жатқан отырыстың тақырыбынан тыс сұрақ қоюға мүмкіндік беруді сұрады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Журналистердің хаты e-Өтініш жүйесі арқылы жіберілген. Олар Құрылтай Бюросы қыркүйек айында бекіткен брифинг өткізу тәртібін өзгертуді ұсынып отыр.

Қолданыстағы ережеге сәйкес, спикерлерге тек отырыстың күн тәртібіне қатысты сұрақтар қоюға болады. Соның салдарынан министр немесе оның орынбасары брифингке қатысқанымен, журналистер одан депутаттар жаңа ғана талқылаған тақырып бойынша ғана сұрай алады.

Ережені бұзған жағдайда баспасөз қызметі тиісті деректі тіркейді. Екінші рет тәртіп бұзған журналист алты айға аккредитациясынан айырылуы мүмкін. Алайда қандай сұрақтың тақырыптан тыс саналатыны нақты түсіндірілмеген. Бұл мәселені брифинг модераторы шешеді.

Журналистер қолданыстағы тәртіпке бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, спикердің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша сұрақ қоюға рұқсат беруді сұрайды. Сондай-ақ тақырыптан тыс сұрақ қоюды тәртіп бұзушылық деп есептемеуді ұсынады, өйткені спикер жауап беруден бас тарта алады.

Бұдан бөлек, журналистер тәртіп бұзушылықтар жазбаша түрде тіркеліп, журналистке өз ұстанымын түсіндіруге мүмкіндік берілуі керек деп есептейді.

Хат авторлары Құрылтай төрағасының жауабын күтіп отыр.