«Артық шығын жоқ»: депутаттар мемлекеттік пәтер мен көліктен бас тартуға дайын ба?

«Артық шығын жоқ»: депутаттар мемлекеттік пәтер мен көліктен бас тартуға дайын ба?
Ашық дереккөз

Құрылтай депутаты Наурыз Сайлаубай Астанадағы қызметтік пәтерлер мен депутаттарға арналған көлік артық шығын емес екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, депутаттар коммуналдық қызмет ақысын өздері төлейді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ulysmedia.kz тілшісі Наурыз Сайлаубайдан жеткілікті табысы бар депутаттар мемлекеттік қызметтік баспана мен көліктен бас тартуға дайын ба деп сұрады.

Депутаттың айтуынша, 145 депутаттың арасында өңірлерден келгендер бар және олардың барлығының Астанада жеке баспанасы болмауы мүмкін. Сондықтан қызметтік пәтерлер депутаттардың жұмыс орнына жақын тұруы үшін беріледі.

Ал қызметтік көлік тек бір жерден екінші жерге жету үшін пайдаланылатынын айтты. Оның сөзінше, жүргізуші межелі жерге жеткізгеннен кейін көлік сол жерде күтіп тұрмайды, босатылады.

«Артық шығын жоқ деп айта аламын», – деді Наурыз Сайлаубай.

Коммуналдық төлемді өздері өтейді

Мемлекеттік пәтердің орнына өз ақшасына баспана жалдауға дайын ба деген сұраққа депутат әріптестері үшін жауап бере алмайтынын айтты. Ал өзі мемлекет берген пәтерде тұратынын жеткізді.

Жеке қаражатына баспана жалдау мәселесіне қатысты сұраққа жауап бергенде, ол коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындарды да атап өтті.

«Коммуналдық қызмет ақысын өзіміз төлейміз. Қыста шамамен 45–60 мың теңге шығады. Бұл мемлекет есебінен төленбейді. Сегізінші шақырылымдағы Мәжілісте жұмыс істеген кезімде үш бөлмелі пәтер алдым, сонда тұрдым. Өкілеттігім аяқталғаннан кейін пәтерді қайтардым. Егер пәтерде бір нәрсені бүлдірсем, оны қалпына келтіруге міндеттімін», – деді депутат.

Осылайша, Наурыз Сайлаубай қызметтік баспана мен көліктің берілуін депутаттардың жұмыс жағдайымен байланыстырды. Алайда жеке табысы жеткілікті депутаттардың мемлекеттік пәтерден бас тартуға дайындығы туралы сұраққа өзі үшін нақты жауап берген жоқ.