Түркия азаматы Амин Абдаллах Хүсейннің 90 миллион теңгесіне қатысты алаяқтық ісі бойынша күдікті қамауға алынды. Алматы полициясы бұл ақпаратты Dalanews.kz сауалына берген жауабында растады.
Күдікті сот санкциясымен қамауға алынды
Алматы қаласы Полиция департаментінің Dalanews.kz сауалына берген жауабына сәйкес, алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық істі Алатау аудандық Полиция басқармасы тергеп жатыр.
"Тергеу аясында аталған қылмысқа күдікті С. есімді азамат ұсталды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 132-бабына сәйкес, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Соттың санкциясымен күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды", - деп хабарлады Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Полиция істің өзге мән-жайы тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайтынын жеткізді.
Түркия азаматы 90 миллион теңге төлегенін мәлімдеді
Бұған дейін Түркия азаматы Амин Абдаллах Хүсейн журналист әрі блогер Жан Ахмадиевке сұхбат беріп, Айдын Салтаққа бір Toyota Land Cruiser 300 және екі Toyota Camry көлігін сатып алу үшін 90 миллион теңге алдын ала төлем жасағанын айтқан.
Оның сөзінше, қаражат 2025 жылдың қарашасында берілген. Алайда арада бірнеше ай өтсе де, көліктер жеткізілмеген және ақша қайтарылмаған.
"Оны досым Еркебұлан арқылы таныдым. Ол маған Land Cruiser 300 және екі Toyota Camry көлігін сатуды ұсынды. Мен 90 миллион теңге алдын ала төлем жасадым. Содан бері көліктерді алған жоқпын. Ол бірде бір айдан кейін, бірде он күннен соң беремін деп уәде етті. Ақырында үш ай бұрын оның үстінен арыз жаздым", - деді Амин Абдаллах Хүсейн.
Кейін Жан Ахмадиев әлеуметтік желідегі парақшасында күдіктінің қамауға алынғанын хабарлап, істі соңына дейін бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.
"Мейлі депутаттар болсын, мейлі министрлер болсын, маған бәрібір. Әділдік үшін соңына дейін барамыз. Кімнің әйелі немесе күйеуі қандай қызметте отырса да, заң алдында бәрі тең болуы керек", - деді ол.
Дауда Шолпан Әбдіхалықованың аты неге аталды?
Жан Ахмадиев жариялаған материалдарда Айдын Салтақтың жұбайы Шолпан Әбдіхалықованың Respublica партиясы Алматы қалалық филиалын басқаратыны айтылған. Автор күдіктінің бірнеше ай бойы бостандықта жүруіне оның жұбайының саяси байланыстары ықпал етуі мүмкін деген болжам жасаған.
Шолпан Әбдіхалықова өз кезегінде бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беріп, жарияланған ақпараттың біржақты екенін мәлімдеген. Дегенмен оның немесе партиядағы қызметінің тергеуге қандай да бір ықпал еткені жөнінде ресми дәлел әзірге жарияланған жоқ.
Dalanews.kz аталған жағдайға байланысты Respublica партиясына да ресми сауал жолдап, Шолпан Әбдіхалықованың әрекетіне қатысты саяси ұйымның ұстанымын сұрады.