Шымкенттегі мемлекеттік мектептерде 170 мыңнан астам оқулық тапшылығы анықталды. Сонымен қатар 110 мыңнан астам кітап тозған немесе пайдалануға жарамсыз. Қала прокуратурасының тексеруінен кейін 46 мыңнан астам оқушы оқулықпен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Прокуратураның мәліметінше, қала мектептеріндегі оқулық қорының шамамен 74%-ын жаңарту қажет. Бұл – 2 млн дана кітап.
Тексеру барысында соңғы үш жылда мектептерде оқушылар саны ескеріле отырып, оқу әдебиеттеріне түгендеу жүргізілмегені анықталған. Оқулықтарды сатып алу білім беру ұйымдарының нақты қажеттілігін өтемеген, ал кітап қорын жаңарту мерзімдері сақталмаған.
Мәселен, Н. Ондасынов атындағы №38 мектеп-гимназиясы бесінші сынып оқушыларына ағылшын тілі пәнінен 293 оқулық сұратқанымен, тек 90 данасын алған. Кітап жетіспегендіктен, оқушыларға түптері бүлінген және кейбір беттері жоқ ескі оқулықтар берілген.
Прокуратураның араласуынан кейін 46 мыңнан астам оқушы оқулықпен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар қалада кітап қорын есепке алу үшін «Alaqan» электронды кітапхана жүйесі енгізілді.
Жүйе оқулықтарды есепке алуға және мектептердің оқу әдебиеттеріне деген қажеттілігін алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.