Оралда 15 минут ішінде жол ережесін бірнеше рет бұзған жүргізуші жауапқа тартылды. Бұл туралы ІІМ мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Желіге мониторинг жүргізу барысында BMW көлігінің жүргізушісі жолда жүру ережелерін өрескел бұзып, қауіпті маневрлер жасағаны көрінетін видео анықталған.
Кадрда жүргізуші көліктерді қатарынан басып озып, бірін сол жағынан, екіншісін оң жағынан айналып өтіп, қатты жылдамдықпен жүргені көрінеді.
Тексеріс нәтижесінде көлік анықталып, жүргізуші кім екені белгілі болды. Ол - Батыс Қазақстан облысының 18 жастағы тұрғыны.
"Бейнебақылау жүйесі арқылы жүргізілген қосымша тексеріс барысында жүргізуші небәрі 15 минут ішінде Орал қаласындағы көлік қозғалысы қарқынды Әбілқайыр хан даңғылы мен Шолохов көшесінде жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзып, өзге көлік жүргізушілеріне қауіп төндіретін маневрлер жасағаны анықталды. Жүргізуші заң аясында жауапқа тартылды, профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді", - деді ІІМ өкілдері.