Үш жылдық бакалавриат оқу ақысын арзандата ма? Бектенов түсіндірді

Үш жылдық бакалавриат оқу ақысын арзандата ма? Бектенов түсіндірді
Фото: ЖИ

Қазақстанда кейбір мамандықтар бойынша бакалаврды үш жылда аяқтауға мүмкіндік берілгенімен, оқу ақысы төмендемейді. Себебі студент бұрынғыдай 240, ал жекелеген білім беру бағдарламаларында кемінде 300 академиялық кредитті толық меңгеруге тиіс. Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында жаңа форматтың ерекшелігін түсіндірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, оқу құны студенттің университетте қанша жыл оқитынына емес, білім беру бағдарламасындағы академиялық кредиттердің жалпы көлеміне қарай есептеледі.

"Оқу мерзімі қысқарған жағдайда білім беру бағдарламасының көлемі өзгермейді. Студент белгіленген академиялық кредиттерді қысқа мерзім ішінде игереді", – деді Үкімет басшысы.

Демек, төрт жылға есептелген оқу бағдарламасы үш жылға жинақталады. Соның салдарынан сабақ кестесі тығыздалып, студенттің оқу жүктемесі артады.

Университеттердің шығыны да айтарлықтай азаймайды. Оқытушылар сол көлемдегі сабақты қысқа уақытта өткізуге тиіс, ал оқу ғимараттары, зертханалар мен өзге де инфрақұрылым бұрынғыдай пайдаланылады. Осыған байланысты үш жылдық жеделдетілген формат оқу ақысын төмендетуге негіз болмайды.

Қазір елімізде 16 мыңнан астам студент триместрлік жүйемен білім алып жүр. Мұндай тәсіл Astana IT University, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және басқа да жоғары оқу орындарында қолданылады. Үш жылдық бағдарламалар негізінен IT, киберқауіпсіздік, жасанды интеллект, бизнес-талдау және маркетинг бағыттарын қамтиды.

Алайда бұл форматты барлық мамандыққа енгізу мүмкін емес. Медицина, ветеринария, сондай-ақ педагогикалық және инженерлік бағыттардың бірқатары ұзақ тәжірибелік дайындықты қажет етеді.

Үш жылдық бакалавриаттың тиімділігі 2027 жылы жан-жақты бағаланбақ. Ғылым және жоғары білім министрлігі Еңбек министрлігімен, «Атамекен» палатасымен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, студенттерді даярлауға жұмсалатын шығынды, түлектердің жұмысқа орналасуы мен табысын, сондай-ақ жұмыс берушілердің пікірін зерттейді.