«KOKSHE» басшылығы 74 млн теңге сыйақы алған

«KOKSHE» басшылығы 74 млн теңге сыйақы алған

Ақмола облысындағы «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының атқарушы орган мүшелеріне 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 74 млн теңгеден асатын сыйақы төленген. Бұл компания қызмет еткен уақыттағы ең жоғары төлем көлемі болған, деп хабарлайды dalanews.kz.

ҚазТАГ агенттігінің қаржылық есептілік депозитарийіндегі мәліметтерге сүйенген хабарлауынша, атқарушы орган мүшелерінің жалпы сыйақысы 74 млн 39 мың теңгені құраған. Басқарма құрамына Серікбай Құсайынов, оның орынбасарлары Еркебұлан Байхметов пен Әли Әлиев кіреді. Жалпы соманы үш адамға бөлгенде, әрқайсысына шамамен 24,7 млн теңгеден келеді.

Қаржылық есептілік депозитарийінің деректеріне сәйкес, компанияның атқарушы органына төленген сыйақы көлемі жыл сайын өзгеріп отырған. 2021 жылы үш мүшеге 25 млн теңге, 2022 жылы 6 млн теңге, 2023 жылы 5,4 млн теңге төленген. 2024 жылы бес мүшеге 42,2 млн теңге, ал 2025 жылы атқарушы органның төрт мүшесіне 34 млн теңге төленгені көрсетілген.

Сонымен қатар, компанияның 2025 жылғы аудиторлық есебінде депозитке орналастырылған қаражаттан түскен кіріс айтарлықтай өскені жазылған. 2024 жылы бұл көрсеткіш 163 млн 198 мың теңге болса, 2025 жылы 1 млрд 890 млн 298 мың теңгеге жеткен.

Әкімшілік шығындар да артқан. 2024 жылы 370,1 млн теңге болған шығын 2025 жылы 1,32 млрд теңгені құрап, шамамен 3,6 есе өскен.