"Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіресін": Тоқаев Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтады

"Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіресін": Тоқаев Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтады
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды 25 қазан – Республика күнімен құттықтады. Мемлекет басшысы ұлттық мерекенің тарихи маңызына тоқталып, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері мен алдағы стратегиялық міндеттерін атап өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Президент өз құттықтауында Республика күні қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруын білдіретін ерекше мереке екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан егемендік жылдарында түрлі сын-қатерлерді еңсеріп, халықаралық қоғамдастықтағы орнын нығайтты.

"Баршаңызды ұлттық мерекеміз – Республика күнімен құттықтаймын! Бұл – мыңжылдықтардан тамыр тартатын қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруын айшықтайтын қастерлі мереке. Біз егемендік жылдарында талай сын-қатерді еңсеріп, биік белестерді бағындырдық. Осылайша, еліміздің іргесін бекемдеп, елдігіміздің тұғырын нығайта түстік. Қазақстан Тәуелсіздіктің 35 жылдық межесіне экономикасы қуатты, қоғамы жасампаз, күллі әлем қауымдастығы құрметпен қарайтын, беделі зор әрі ықпалды орта держава, өркениетті мемлекет ретінде жетіп отыр.Биыл біз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашып, тарихи өрлеу дәуіріне бетбұрыс жасадық. Алдымызда тұрған мақсат – баршаға айқын. Біз мықты мемлекеттік институттары мен сапалы адам капиталы бар, жаһандық бәсекеге қабілетті, озық, дамыған, жасампаз, зайырлы ел болуымыз керек", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның озық технологиялар мен инновацияларды дамытуға, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға кіріскенін айтты.

"Осы орайда, Конституциямыздың заңды күшіне енуі халықаралық қоғамдастықтың назарын аударған, тарихи мән-мағынасы аса ерекше оқиға болды. Конституция мемлекеттік басқару жүйесінің толығымен жаңаруына, еліміздің саяси, экономикалық, мәдени және әлеуметтік салаларында түбегейлі өзгерістер жасауға үлкен серпін берді. Біз Конституцияда айқындалған құндылықтарға сүйене отырып, стратегиялық бағдарымыздан айнымай, міндетті түрде алға қадам басамыз, алдымызға қойған барлық міндеттерді жүзеге асырамыз. Қазір біз озық технологиялар мен инновацияларды жүйелі дамытып, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін ел игілігіне жарата бастадық. Заманауи өндіріс орындарын ашып, инфрақұрылымды жаңғыртып, мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандарды салып жатырмыз. Халқымыздың игілігі үшін көптеген жобаны іске асыру жоспарымызда бар", – деді Мемлекет басшысы.