"Бір ана баласын, енді бір ана суретін құшақтап отыр" – Каспийдегі трагедиядан аман қалған сарбаздың анасы

"Бір ана баласын, енді бір ана суретін құшақтап отыр" – Каспийдегі трагедиядан аман қалған сарбаздың анасы
ЖИ: Dalanews.kz

Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің өмірін қиған қайғылы оқиғаға бір ай толды. Арада уақыт өтсе де, жақындарынан айырылған отбасылардың қайғысы сейілген жоқ. Әлеуметтік желіде марқұм сарбаздарға арналған жүрек тебірентерлік жазба жарияланды.

2026 жылғы 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында өткен әскери оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметшіні теңіз толқыны алып кеткен еді. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі аман қалды.

Оқиғадан бері бір ай өткенде әлеуметтік желіде аман қалған сарбаздың анасы Самал Кәуелова қайғылы жағдайды еске алып, жақындарынан айырылған отбасылардың жан жарасын жеткізді.

Ол бір отбасының ұлы аман-есен оралса, енді бір шаңырақтың перзентінен мәңгілікке айырылғанын жазған.

"Біреулердің баласы үйіне оралды… Біреулердің баласы мәңгілікке сағынышқа айналды… Бір үйде қуаныш, бір үйде үнсіздік… Бір ана баласын құшақтап отыр, енді бір ана баласының суретін құшақтап отыр", – деп жазды Самал Кәуелова.

Бұл сөздер Каспийдегі қасіреттен кейін жақындарын жоқтап қалған отбасылардың ауыр жағдайын тағы бір мәрте еске салды.