Астанада Республика күніне орай ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр

Астанада Республика күніне орай ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр
Dala News

Астанада Республика күніне орай «Қазанат» ипподромының аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр. Мұнда Қарағанды және Қостанай облыстарынан жеткізілген өнімдер ұсынылған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жәрмеңкеге екі өңірден 140-тан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі мен кәсіпорын қатысып жатыр. Сөрелерде ет, сүт өнімдері, картоп, көкөніс, ұн, жарма, макарон өнімдері және басқа да азық-түлік түрлері бар.

«Жәрмеңкеге Қарағанды облысынан өнім алып келдік. Мұнда ет, сүт өнімдері және басқа да азық-түлік түрлері ұсынылған. Мұндай шаралар өндірушілерге өз өнімін тікелей тұтынушыға сатуға мүмкіндік береді. Ал тұрғындар өнімді делдалсыз сатып ала алады. Сұраныс жақсы болады деп үміттенеміз», – дейді сатушы.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, екі облыс елордаға жалпы көлемі 1 мың тоннаға жуық өнім жеткізген. Оның ішінде Қарағанды облысы 583 тоннадан астам, ал Қостанай облысы 400 тоннадан астам өнім ұсынған.

«Мұндай жәрмеңкелердің ұйымдастырылғаны жақсы. Бір жерден ет, сүт өнімдерін, көкөніс пен басқа да азық-түлікті таңдап алуға болады. Ең бастысы, бағасы дүкендермен салыстырғанда қолжетімді болса екен. Отандық өндірушілердің өнімін тікелей сатып алу да тиімді деп ойлаймын», - деп атап өтті қала тұрғыны Айсұлу Хабиева

Қарағанды облысынан 310 тонна картоп, 134,7 тонна ет, 80 тонна көкөніс, 15 тонна сүт өнімі және басқа да тауарлар әкелінген. Сонымен қатар 310 мың дана тауық жұмыртқасы жеткізілген.

Қостанай облысының өнімдері қатарында ет, сүт өнімдері, шұжық, жарма, макарон, картоп, көкөніс пен ұн бар. Сондай-ақ келушілер нан-тоқаш және кондитерлік өнімдерді, сусындар мен балды сатып ала алады.

«Жәрмеңкеге қажетті азық-түлікті алу үшін келдім. Мұнда таңдау бар, әртүрлі өнімді салыстырып, өзімізге керегін сатып алуға болады. Осындай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылса жақсы болар еді. Әсіресе баға қолжетімді болса, тұрғындарға тиімді», – деді сатып алушы Айнұр Турлиева.

Жәрмеңкенің мақсаты – қала тұрғындарына сапалы азық-түлікті қолжетімді бағамен ұсыну, отандық өндірушілерді қолдау және өнімді делдалсыз сатуға мүмкіндік жасау.

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі 24-25 қазанда сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін Қарқаралы тасжолы, 1 мекенжайында өтеді.