Қазақстанда цифрлық бақылау жүйесі арқылы дәріхана желілерінде тегін берілуі тиіс 26 мыңнан астам дәрі-дәрмек қаптамасының сатылғаны анықталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласын цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында елде дәрілік заттарды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесі жұмыс істеп тұр. Жүйе әрбір дәрі қаптамасының өндірушіден бастап пациентке дейінгі қозғалысын бақылауға және елдегі дәрі-дәрмек қорын қадағалауға мүмкіндік береді.
«Цифрлық бақылаудың нәтижесінде дәріхана желісі арқылы 26 мыңнан астам қаптама тегін дәрілік препараттың сатылғаны анықталды. Анықталған фактілер бойынша 106 медициналық ұйым мен дәріханаға қатысты тексеру жүргізілді. 60-тан астам ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 20 млн теңгеден асты. Алдын ала есептеулер бойынша келтірілген залал 36 млн теңгеден асады. Материалдар құқық қорғау органдарына жолданды», – деді Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов.
Оның айтуынша, цифрлық таңбалау жүйесі дәрілік заттардың заңсыз айналымын анықтауға және тегін дәрі-дәрмектің белгіленген тәртіппен пациенттерге жетуін бақылауға мүмкіндік береді.
Биыл қыркүйек айынан бастап цифрлық таңбалау тағамға биологиялық белсенді қоспаларға да енгізілді. Ал 2027 жылдан бастап жүйені медициналық мақсаттағы бұйымдарға қолдану жоспарланып отыр.