Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде 14 сарбаздың қаза табуына қатысты тергеу басталып, Қорғаныс министрлігінің бірқатар лауазымды тұлғасы күдікті ретінде ұсталды. Бұл туралы вице-президент Ерлан Қарин мәлімдеген.
Ерлан Қариннің айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін Мемлекет басшысы әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету және оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мәселелерін жеке бақылауына алған.
Құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастап, оқиғаға қатысы болуы мүмкін лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беруге кіріскен.
«Қорғаныс министрлігінің бірқатар лауазымды тұлғасы күдікті ретінде ұсталды. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр және Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында», – деп мәлімдеді Ерлан Қарин.
Қайғылы оқиғадан кейін әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық қолдау көрсету мәселесі де қолға алынды.
Осы мақсатта арнайы қайырымдылық қоры құрылып, жиналған қаражатты әділ әрі ашық бөлу үшін қоғамдық комиссия жасақталды. Оған Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Бекмұрат Жүсіпов жетекшілік етеді.
Вице-президенттің мәліметінше, қаза тапқан сарбаздардың жақындарына қолдау білдіруге Құрылтай депутаттары, саяси партиялардың өкілдері, кәсіпкерлер мен меценаттар да ниет танытқан.
Сонымен қатар Президенттің тапсырмасымен Қорғаныс министрлігінің жұмысын кешенді тексеру басталды. Тексеру барысында ведомствоның қаржылық қызметіне және әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне назар аударылды.
Ерлан Қарин 28 қыркүйектегі мәлімдемесінде аудиттің алғашқы қорытындысын жеті күн ішінде ұсыну жоспарланғанын хабарлаған болатын.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы армияны реформалаудың арнайы жоспарын әзірлеуді тапсырды.
«Президент атап өткендей, реформаның басты міндеті – әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен өмірі негізгі басымдыққа айналатын жаңа үлгідегі армия құру», – деп жазды Ерлан Қарин.
Кейін Ақорда Қорғаныс министрлігін тексерудің алғашқы нәтижелері туралы ақпарат жариялады. Онда әскери іс-шараларды жоспарлау барысында өрескел қателіктерге жол берілгені және бұрынғы басшылық тарапынан тиісті бақылау болмағаны айтылды.
Сондай-ақ тексерудің бірінші кезеңінде Қорғаныс министрлігіне қарасты құрылымдардағы ықтимал заң бұзушылықтар бойынша 13 қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.
Қайғылы оқиғаға қатысты тергеудің түпкілікті нәтижелері мен күдіктілердің кінәсі сот тәртібімен анықталуға тиіс.