Оралда той кортежіне қатысушылар жазаланды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әлеуметтік желіге жүргізілген мониторинг барысында Орал қаласында үйлену тойына арналған кортеж қозғалысы кезінде жастар көлік терезесінен басы мен денесін шығарып тұрғаны бейнеленген видео анықталған. Жазбада "Гулянка осылай бола ма, қалай?" деген жазу болған.
Бейнежазбаны зерделеу барысында кортеж Орал қаласындағы көпірде жүргені, сол сәтте жолда өзге де көліктер болғаны байқалған. Сондай-ақ, Пугачев көшесінен Махамбет - Исатай көшесіне бұрылатын қиылыста кортеждегі жастар көлік терезесінен денесін шығарып, қолдарымен түрлі қимылдар жасағаны, ал жүргізуші қауіпті маневрлерге барғаны бейнежазбада тіркелген.
"Бұл әрекеттер қала тұрғындарының сынына ұшырады. Полиция қызметкерлері оқиғаға жедел ден қойып, видеода көрсетілген Toyota Land Cruiser Prado және Subaru Legacy көліктерінің жүргізушілерін, сондай-ақ, көлік терезесінен денесін шығарып, қауіпті әрекеттер жасағандарды анықтады. Олар - облыс тұрғындары, 19-22 жас аралығындағы жігіттер. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деп жазылған хабарламада.