Испанияда екі пойыз соқтығысып, кемінде 10 адам қаза тапты

Испанияда екі пойыз соқтығысып, кемінде 10 адам қаза тапты
Ашық дереккөз

Испанияның Толедо провинциясында екі жоғары жылдамдықты пойыз соқтығысып, кемінде 10 адам қаза тапты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Associated Press агенттігінің мәліметінше, апат сәрсенбі күні таңертең болған. Кастилия-Ла-Манча аймағы билігінің өкілі қаза тапқандар саны артуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа Мадридтен Севильяға бағыт алған Renfe компаниясының пойызы мен Iryo жеке компаниясының пойызы қатысқан. Пойыздардың бірі тоқтап тұрған екіншісіне артынан соғылып, бірнеше вагон рельстен шығып кеткен. Екі вагон теміржол үйіндісінен төмен құлаған.

Оқиға орнына құтқарушылар, өрт сөндірушілер, полиция қызметкерлері мен медицина мамандары жіберілді. Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін арнайы медициналық пункт ұйымдастырылған.

Апатқа байланысты Мадрид пен Андалусия арасындағы жүрдек теміржол қатынасы уақытша тоқтатылды. Қазір оқиғаның себептері анықталып жатыр.