Орталық Азиядағы жаңа экономикалық байланыстар: Қазақстан қандай бастамаларды алға шығарып отыр?

Орталық Азиядағы жаңа экономикалық байланыстар: Қазақстан қандай бастамаларды алға шығарып отыр?

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрікменстанға сапары аясында Орталық Азиядағы экономикалық және көлік-логистикалық байланыстарды одан әрі дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Өңір елдері арасындағы сауда көлемін арттыру, транзиттік әлеуетті тиімді пайдалану және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қалыптастыру Орталық Азияның экономикалық ықпалдастығын тереңдетудің маңызды бағытына айналып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мемлекет басшысы Орталық Азия елдері мен Әзербайжан арасындағы сауда көлемін 20 млрд долларға дейін жеткізуді, көлік инфрақұрылымын дамыту мен Транскаспий халықаралық көлік бағдарын одан әрі ілгерілетуді ұсынды. Сонымен қатар Пәкістан порттарына шығатын оңтүстік көлік бағыттарын дамыту, өңірлік логистикалық байланыстарды кеңейту және Орталық Азия елдерінің су ресурстарын пайдалану жөніндегі ортақ тәсілдерді қалыптастыру мәселелері де өңірлік күн тәртібіндегі маңызды бағыттар қатарында.

Осы бастамалардың мәнін талдаған Қазақстан Республикасы Философия, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері Руслан Изимов өңірлік ынтымақтастықтың нақты жобалар мен практикалық нәтижелерге бағытталып келе жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, сауда байланыстарын кеңейту, жаңа көлік дәліздерін дамыту және су ресурстарын тиімді басқару жөніндегі ортақ тетіктер Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның экономикалық және транзиттік әлеуетін арттыруға жаңа мүмкіндіктер береді.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері мен Әзербайжан арасындағы өзара сауда көлемін 20 миллиард долларға жеткізуді ұсынды. Мемлекет басшысының бұл бастамасы сауда, өнеркәсіптік кооперация және инвестиция салаларын дамыту үшін қандай жаңа мүмкіндіктер ашады?

— Алдымен, мәселенің мәнмәтініне тоқталған жөн. 2018 жылы Консультативтік кездесулер форматы іске қосылғаннан бері өңірішілік сауданы арттыру негізгі міндеттердің бірі болды. Сол кезде өңір елдерінің сауда көлемі шамамен 5,7 млрд долларды құраған еді. Өткен жылы бұл көрсеткіш шамамен 13 млрд долларға жетіп, екі есе өсті. Алайда елдеріміздің жалпы тауар айналымындағы сауданың үлесі әзірге 8-9 пайыз шамасында. Бұл көрсеткіш өңірішілік сауданы одан әрі дамытуға айтарлықтай мүмкіндік бар екенін көрсетеді. Президент те осы бағытқа нақты назар аударды.

Бұл ретте маңыздысы – енді нақты тетіктерге басымдық беріліп отыр. Өзара сауда көлемін 20 млрд долларға дейін жеткізу және оның жалпы саудадағы үлесін кезең-кезеңімен арттыру ұсынылды. Бұл Қазақстан үшін де маңызды мүмкіндік. Қазақстан – өңірдегі ең ірі экспорттаушы ел. Биылғы жылдың жеті айында Орталық Азия елдерінің экспортының шамамен 56 пайызы Қазақстанның үлесіне тиді. Ал Қырғызстан мен Тәжікстанда бұл көрсеткіш 20 пайызға жуық. Демек, сауда байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік бар және оған бірнеше фактор ықпал етеді.

Біріншіден, соңғы жылдары іске асырылып жатқан бастамалар мен жобалар өз нәтижесін беріп келеді. Атап айтқанда, Қазақстан–Өзбекстан шекарасындағы «Орталық Азия» халықаралық орталығы мен Қазақстан–Қырғызстан шекарасындағы индустриялық кешен осы бағыттағы маңызды жобалардың қатарында. Президент осындай алаңдарды байланыстырып, өңірлік қосылған құн тізбегін қалыптастыруды ұсынды. Екіншіден, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, логистика және бірлескен өндірістер сияқты салаларға жаңа серпін беріліп келеді. Үшіншіден, Әзербайжанның осы форматқа қосылуы Оңтүстік Кавказ, Түркия және Еуропа нарықтарына шығу мүмкіндігін кеңейтеді.

Саяси негіздің маңызы да кем емес деп есептеймін. Бүгінде өңірдегі шекаралар елдерді жақындастырып, экономикалық және іскерлік байланыстарды дамытуға жаңа мүмкіндік беріп келеді. Сауда байланыстары үшін қолайлы жағдай қалыптасып, елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жаңа бағыттары ашылуда. Бұған дейін шешуді қажет еткен мәселелер бойынша да нақты нәтижелерге қол жеткізіліп келеді. Мәселен, 2025 жылғы наурызда Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан Худжандта шекаралардың түйісу нүктесі туралы шартқа және Мәңгілік достық декларациясына қол қойды. Бүгінде бұрын талқыланған мәселелердің орнына бірлескен жобалар мен жаңа экономикалық бастамаларға басымдық беріліп келеді. Алдағы уақытта шекара маңында толыққанды арнайы экономикалық аймақтарды құру туралы да сөз қозғауға болады деп ойлаймын. Мұның бәрі бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай қалыптастырып, өңірдің инвесторлар үшін тартымдылығын арттырады.

— Қасым-Жомарт Тоқаев көлік инфрақұрылымын және Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға ерекше назар аударды. Президент атап өткен жобаларды іске асыру Қазақстан мен бүкіл Орталық Азияның транзиттік әлеуетін нығайтуда қандай рөл атқара алады?

— Орта дәлізді дамыту әрдайым Қазақстанның сыртқы экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі болды. Әзербайжанның Консультативтік кездесулер форматына қосылуы бұл бағытқа жаңа серпін беріп отыр. Енді Каспийдің екі жағындағы тараптар бірыңғай келіссөз алаңында жұмыс істейді. 2020–2024 жылдар аралығында Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы тасымалданатын жүк көлемі шамамен алты есеге – 0,8 млн тоннадан 4,5 млн тоннаға дейін өсті. Қазақстан 2030 жылға қарай оның өткізу қабілетін жылына 10 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Достық–Мойынты учаскесі пайдалануға берілді, «Саржа» терминалының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Орта дәлізді Оңтүстік Кавказдағы TRIPP бастамасымен ықпалдастыру мәселесін сарапшылар деңгейінде талқылау туралы ұсынысты да ерекше атап өткен жөн. Бұл Түркия мен Еуропа нарықтарына шығудың қосымша балама бағыттарын дамытуға мүмкіндік береді.

Бүгінде Орта дәлізге деген сұраныс жоғары. Ол Еуразия құрлығының батысы мен шығысын байланыстыратын маңызды көлік бағыттарының біріне айналып келеді. Алдағы кезеңде дәліздің әлеуетін одан әрі арттыру үшін порт инфрақұрылымын дамыту, паромдық тасымал мүмкіндіктерін кеңейту, тарифтік саясатты үйлестіру және заманауи экологиялық талаптарды ескеру бағыттарына басымдық беру маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, өңірлік формат Қытайдан Еуропаға дейінгі бүкіл логистикалық тізбекті үйлестіруге, көлік байланыстарын жетілдіруге және дәліздің транзиттік әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік беретін маңызды алаң бола алады.

— Қазақстанның Пәкістан порттарына шығуын қамтамасыз ететін екі ірі жоба – Түрікменстан арқылы «Тургунди–Герат» бағыты және Өзбекстан арқылы Мазари-Шариф бағыты қарастырылып отыр. Осы жобалардың негізгі ерекшеліктері қандай және олар Қазақстанның Оңтүстік Азия нарықтарына шығу мүмкіндігін кеңейтуге қалай ықпал етеді?

— Екі жоба да перспективалы және қазірдің өзінде пысықталып жатыр. Олардың басты артықшылығы – бұл бағыттар Қазақстанға әлемдік мұхитқа шығатын ең қысқа жолдардың бірін қамтамасыз етеді. Ұзақ жылдар бойы бұл бағыттың дамуына Ауғанстандағы ахуалдың ерекшеліктері әсер етті. Бүгінде бұл бағытта да біртіндеп ілгерілеу байқалады. Осы жобалар сәтті жүзеге асқан жағдайда, Қазақстан сыртқы саудасы мен транзиттік бағыттарының географиясын едәуір кеңейтіп, Оңтүстік Азия нарықтарындағы қатысуын арттыра алады. Бұл еліміздің жаңа сауда бағыттарын дамытуына және халықаралық көлік-логистикалық байланыстарын кеңейтуіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Қазақстан тұрғысынан алғанда, оңтүстік көлік бағыттарын дамыту көпдеңгейлі үйлестіруді талап етеді. Орталық Азия деңгейінде ұлттық инфрақұрылымдық жобаларды, тарифтерді, шекаралық рәсімдерді және логистикалық стандарттарды үйлестіру маңызды. Бұл Түрікменстан мен Өзбекстан арқылы өтетін бағыттардың бірін-бірі толықтыруына, өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін тиімді пайдалануға және бірыңғай көлік байланыстарын дамытуға мүмкіндік береді.

— Президент Орталық Азияның су ресурстарын пайдалану жөніндегі конвенциясын әзірлеуді және БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастаманы бірлесіп ілгерілетуді ұсынды. Мемлекет басшысының бұл ұсыныстары өңірлік ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан қандай стратегиялық мәнге ие?

— Орталық Азия елдерінің бүгінгі достығы мен ынтымақтастығы мемлекеттер басшыларының саяси ерік-жігеріне және халықтарымыздың ықыласына негізделіп отырғанын объективті түрде атап өткен жөн. Бізді ортақ тарих, мәдениет және құндылықтар біріктіреді. Сонымен қатар өңірлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік беретін бірқатар маңызды бағыт бар. Соның бірі – су ресурстарын тиімді пайдалану. Сондықтан Президент бұл мәселені өңірдегі тұрақтылық пен орнықты дамудың негізгі бағыттарының бірі ретінде атап өтті.

Дүниежүзілік банктің бағалауынша, 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы су ресурстарына деген сұраныс пен қолжетімділік арасындағы алшақтық 25–30 пайызға жетуі мүмкін, ал суармалы егіншілікке қажетті су көлемі 2030 жылға қарай үштен бірге артады. Жерінің үштен екісіне жуығы құрғақ аймақтарға жататын Қазақстан үшін бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ортақ шешімдер мен үйлесімді жұмыстың маңызын арттыра түседі. Сондықтан ортақ қағидаларды қалыптастыру қажет. Ұсынылып отырған Конвенция жекелеген келісімдерден құрметке, тең құқықтылыққа және барлық елдердің мүдделерін ескеруге негізделген жүйелі ынтымақтастыққа көшуге мүмкіндік береді. Қазақстан үшін бұл су ресурстарын пайдалану саласында тұрақты әрі болжамды өзара іс-қимылды қамтамасыз етудің маңызды тетігі.

Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастама да осы ұстанымның жаһандық деңгейдегі жалғасы. Бүгінде БҰҰ жүйесінде су ресурстарына қатысты мәселелер әртүрлі құрылымдар аясында қарастырылады. Қазақстан осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты үйлестіруді және ортақ тәсілдерді қалыптастыруды ұсынады. Президент бұл бастамаға Орталық Азия елдерінің ортақ ұстанымын қалыптастыру тұрғысынан ерекше мән берді. Жыл соңына қарай БҰҰ-ның су ресурстары жөніндегі конференциясын өткізу жоспарланып отыр. Егер өңір бұл жиынға үйлесімді әрі ортақ ұстаныммен қатысса, су ресурстарын тиімді басқару жөніндегі бастамаларды халықаралық деңгейде ілгерілетуге жаңа мүмкіндіктер ашылады.