Қазақстандықтар киік етін сатып алуға асығар емес

Қазақстандықтар киік етін сатып алуға асығар емес
жи: dalanews

Қазақстанда ақбөкен етін өңдеу ісі жолға қойылғанымен, ішкі нарықта оған сұраныс төмен болып отыр. Соның салдарынан кәсіпорындар өндіріс көлемін қысқартуға мәжбүр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ақбөкен етін өңдеу жобасы былтыр іске қосылған. Оған «Кублей» сияқты ірі кәсіпорындар да қосылды. Алайда өнімді нарыққа шығару оны тұтынушылар арасында танымал етуден оңай болған жоқ.

23 қарашада Құрылтайда өткен брифингте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепованың айтуынша, қазақстандықтардың ақбөкен етіне қызығушылығы төмен болғандықтан, кәсіпорындар өңдеу көлемін азайтқан.

«Ішкі нарықтағы сұранысқа қатысты мәселелер бар. Сондықтан биыл сұраныстың төмендеуіне байланысты кәсіпорындар өңдеу көлемін қысқартты. Қазіргі уақытта Ұлытау облысында ақбөкен етін өңдеумен айналысатын бір ғана кәсіпорын жұмыс істеп тұр», – деді Назгүл Хатепова.

Вице-министрдің сөзінше, ақбөкен етін өңдеу ісін басқа өңірлерде де қолға алу әзірге кейінге қалдырылған. Бұған дейін мұндай өндірісті жеті облыста ашу жоспарланған еді. Алайда жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы өнімге деген сұранысқа тікелей байланысты.

Айта кетейік, брифинг барысында журналистер вице-министрден ақбөкен етінің дәмін татып көрген-көрмегенін де сұрады. Назгүл Хатепова бұл өнімді әлі байқап көрмегенін айтты.

«Өкінішке қарай, жоқ», – деп жауап берді ол.