Ресей үкіметі Калининград облысына қатынайтын екі жаңа теміржол паромын салу жобасын Ұлттық әл-ауқат қоры (ҰӘҚ) қаржыландыратын инфрақұрылымдық жобалар тізіміне енгізді. Жобаға бюджет қаражатын қоса есептегенде шамамен 50 млрд рубль бағытталады. Бұл туралы Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин вице-премьерлермен өткен кеңесте мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, Калининград облысының географиялық орналасуына байланысты кейбір елдердің әрекеттері мен логистикалық шектеулер өңірдегі кәсіпорындардың жұмысына кедергі келтіріп отыр. Сондықтан аймақты қажетті тауарлар мен шикізатпен үздіксіз қамтамасыз ету үшін жаңа паромдар салу туралы шешім қабылданған.
«Қазір екі жаңа теміржол паромы салынып жатыр. Олар Ресейдің кеме жасау зауытында отандық жоба бойынша құрастырылады. Паромдар Калининград облысын Ресейдің негізгі аумағымен байланыстыратын Балтийск – Усть-Луга бағыты бойынша қатынайды», – деді Михаил Мишустин.
Жобаға жауапты мекеме – «Росморпорт» федералдық мемлекеттік кәсіпорны. Паромдар Қырымдағы Б. Е. Бутома атындағы кеме жасау зауытында құрастырылады. Жоба құжаттарына сәйкес, алғашқы паромның құны 24,85 млрд рубль, ал екінші кеменің құны 22,1 млрд рубль болады. Екі паромды да 2030 жылға дейін пайдалануға беру жоспарланған. Олардың пайдалану мерзімі 2060 жылға дейін есептелген.
Жобаның жалпы құны шамамен 47 млрд рубльді құрайды. Оның ішінде 38,1 млрд рубльге дейін Ұлттық әл-ауқат қоры есебінен, тағы 8,85 млрд рубль федералдық бюджеттен бөлінеді. Қаржыландыру жоспарына сәйкес, 2027 жылы жобаға 14,97 млрд рубль бағыттау көзделген. Оның 11,4 млрд рублі Ұлттық әл-ауқат қорынан, 3,5 млрд рублі федералдық бюджеттен бөлінеді.
Калининградқа теңіз арқылы жүк жеткізу неге маңызды?
Калининград облысы Ресейдің негізгі аумағынан бөлек орналасқан. 2022 жылдың жазында Литва санкцияға іліккен жекелеген тауарлардың теміржол және автомобиль арқылы транзитіне шектеулер енгізгеннен кейін өңірге теңіз арқылы жүк тасымалдаудың маңызы артты.
Қазір Калининград облысы мен Ресейдің басқа аймақтары арасындағы жүк тасымалына шамамен 30 құрғақ жүк кемесі мен паром қатысады. Олар Усть-Луга – Балтийск, Бронка – Калининград, Санкт-Петербург – Балтийск және Санкт-Петербург – Калининград бағыттарында жұмыс істейді.
Жаңа екі паромның құрылысы өңірге жүк жеткізу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.