Оңтүстік Кореяның білім министрі емтихандағы ЖИ дауына байланысты отставкаға кетті

Оңтүстік Кореяның білім министрі емтихандағы ЖИ дауына байланысты отставкаға кетті
Yonhap

Оңтүстік Кореяның білім министрі Чхве Гё Джин елдегі негізгі жоғары оқу орнына түсу емтиханы – «Суннын» төңірегіндегі жанжалдан кейін қызметінен кетті. Бұған емтихан кезінде жасанды интеллект көмегімен көшіріп алуға қарсы шаралардың кеш қабылдануы себеп болған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Емтиханға аз уақыт қалғанда елдегі тағы бір мемлекеттік тестілеуде ең жоғары нәтиже көрсеткен қатысушының шағын камера, смартфон және генеративті жасанды интеллект көмегімен жауап алғаны анықталған. Осы оқиғадан кейін билік емтихан өткізу тәртібін шұғыл түрде күшейтуге кірісті. Талапкерлерге тек рұқсат етілген жазу құралдарын пайдалануға мүмкіндік берілді. Жасырын камера орнатылуы мүмкін деген қауіпке байланысты киімдегі түймелерге арнайы жапсырмалар жабыстырылды. Сонымен қатар емтихан кезінде тапсырылмаған телефондардың бар-жоғы бірнеше рет тексерілді, деп жазады Yonhap. 

Нәтижесінде электронды құрылғыларды алып кіру немесе пайдалану бойынша 111 жағдай анықталған. Алайда олардың қаншасында қатысушылар шынымен жасанды интеллект көмегіне жүгінгені әзірге белгісіз.

Министр жауапкершілікті мойындады

Чхве Гё Джин министрлік емтиханға тиісті деңгейде дайындалып үлгермегенін мойындады. Ол 22 қарашада қызметінен кететінін мәлімдеді. Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён министрдің отставкасын шамамен бір сағаттан кейін қабылдаған.