Келісімге келе алмады: БҰҰ-ның климат жөніндегі саммиті қорытынды құжатсыз аяқталды

Келісімге келе алмады: БҰҰ-ның климат жөніндегі саммиті қорытынды құжатсыз аяқталды
БҰҰ

БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі 31-конференциясы (COP31) қорытынды келісімсіз аяқталды. Түркияның Анталья қаласында өткен келіссөздерде елдер қазба отындарын пайдаланудан бас тарту мәселесінде ортақ мәмілеге келе алмады. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш саммит нәтижесіне көңілі толмайтынын мәлімдеп, климат дағдарысына қарсы күресті жеделдетуге шақырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Келіссөздердегі басты кедергі – қазба отындары мәселесі. Саммитке қатысқан мемлекеттер мұнай, газ және көмірді пайдалануды кезең-кезеңімен тоқтату жөніндегі міндеттемелерге қатысты ортақ ұстанымға келе алмады. Бірқатар ел қорытынды құжаттың алғашқы келісімдерден әлдеқайда әлсіз екенін айтып, оны қолдаудан бас тартты.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш келіссөздердің нәтижесін кері қадам деп бағалады. Оның айтуынша, ғылыми деректер климаттың өзгеруіне қатысты ешқандай күмән қалдырмайды. Ал әлем елдері бұл мәселеге қарсы күресті күшейтуі керек.

«Келіссөздер залында ортақ келісім болмауы мүмкін. Бірақ ғылыми деректерде ешқандай екіұштылық жоқ», – деді ол.

Гутерриш жаһандық температураның рекордтық деңгейге жетіп жатқанын, климаттың өзгеруінен туындайтын зардаптардың күшейгенін және парниктік газдар шығарындылары әлі де қауіпті деңгейде екенін ескертті. Оның сөзінше, әлем қазірдің өзінде жаһандық жылынуды 1,5 градус Цельсий шегінде ұстап тұру жөніндегі халықаралық межеден асып кету қаупіне жақындаған.

«COP31 қорытындысынан шығатын басты тұжырым айқын: әлем климат дағдарысына қарсы әлдеқайда көп жұмыс істеуі керек. Мұны дәл қазір бастау қажет», – деді БҰҰ Бас хатшысы.

Ол жаһандық жылынудың негізгі себептерінің бірі қазба отындарын пайдалану екенін атап өтті. Сондай-ақ таза энергияға көшу үдерісін баяулатуға жол бермеуге шақырды.

«Өртті оған май құю арқылы сөндіру мүмкін емес», – деді Гутерриш.

Оның пікірінше, қазба отынын өндіру мен сатудан пайда табатын ірі компаниялар өз мүддесін қорғау үшін климаттық бастамалардың жүзеге асуына кедергі келтіріп отыр. БҰҰ Бас хатшысы мемлекеттер 2023 жылы Дубайда өткен COP28 конференциясында қазба отындарын пайдаланудан біртіндеп бас тартуға келіскенін еске салды. Ендігі міндет – осы бағыттағы жұмысты жеделдетіп, оны қаржыландыру.

Сонымен қатар ол алдағы онжылдықта парниктік газдар шығарындыларын едәуір қысқартуға, климат өзгерісіне осал мемлекеттерге қолдауды күшейтуге және бейімделу бағдарламаларына бөлінетін қаржыны арттыруға шақырды.

Гутерриш климат саласындағы нақты нәтижені бірнеше көрсеткіш арқылы бағалау керегін айтты. Олардың қатарында қазба отындарына тәуелділікті азайту, таза энергия көздерін дамыту, метан шығарындыларын қысқарту, ормандарды қалпына келтіру және дамушы елдерге климаттық қаржыландыру бөлу бар. Ол азаматтық қоғам өкілдерін, жастарды, байырғы халықтарды, ғалымдар мен климат өзгерісінен зардап шегіп отырған қауымдастықтарды биліктен нақты әрекет талап етуге шақырды.

«Климат дағдарысы үкіметтердің ортақ мәмілеге келуін күтіп тұрмайды. Біз де күте алмаймыз. Шынайы деректерді таратыңыздар, нақты әрекет талап етуді жалғастырыңыздар», – деді ол.

Бірқатар мемлекет қорытынды құжатты қолдамады

COP31 төрағасы, Түркияның қоршаған орта министрі Мурат Курум келіссөздер тығырыққа тірелгенін мойындады.

«Бұл мәтін бойынша келісім жоқ екенін түсінемін. Сондықтан аталған шешімдер қабылданған жоқ», – деді ол.

Келіссөздердің сәтсіз аяқталуына қазба отындарын пайдалану мәселесіндегі бірнеше күнге созылған пікірталас себеп болды. Бір жағынан, климат өзгерісінен қатты зардап шегетін елдер мен көмір, мұнай және газдан бас тарту жөніндегі міндеттемелерді күшейтуді қолдайтын мемлекеттер тұрса, екінші жағынан, экономикасы көмірсутек экспортына тәуелді елдер өз мүддесін қорғауға тырысты.

COP31-дің тең төрағалары – Австралия мен Түркия – ортақ келісімге келу үшін құжаттың бірнеше нұсқасын ұсынды. Онда жаһандық жылыну 1,5 градус межесінен асып кету қаупіне жақындағаны айтылып, атмосферадағы көмірқышқыл газын ұстап қалу және жою технологияларын дамыту ұсынылды. Алайда бұл бастамалар нәтиже бермеді. Құжатты сынаған елдер оның бұрын қол жеткізілген келісімдерді әлсірететінін және климат дағдарысының ауқымына сай келмейтінін мәлімдеді.

Еуропалық одақ қорытынды құжатқа ресми түрде қарсылық білдірді. Брюссель өкілдері мәтінде қазба отындары мен олардан бас тарту туралы ешқандай ескерту болмағанын сынға алды. Олардың пікірінше, мұндай маңызды мәселенің назардан тыс қалуы қабылдауға келмейді.

Панама да құжатты қолдаудан бас тартты. Ел өкілдері үкіметтер ең төменгі талаптар төңірегінде саудаласпай, нақты әрекет етуі керек екенін айтты. Пәкістан делегаттарды ортақ келісім іздеуді жалғастыруға шақырды. Ел өкілдерінің пікірінше, климат өзгерісіне қарсы күрес үшін кедергілер емес, ынтымақтастық қажет. Олар құжаттың кейбір тұстары бірқатар мемлекет үшін әлі де қолайсыз екенін мойындағанымен, осы себеппен барлық келісімді жоққа шығармауға шақырды.

Маршалл аралдары да қорытынды құжатты қабылдауға қарсы шықты. Делегация өкілдері оның климат өзгерісінен тікелей зардап шегіп отырған мемлекеттердің мүддесін ескермейтінін айтты. Олардың пікірінше, мұндай құжатты қабылдау халықтың мүддесіне опасыздық жасаумен тең. Сондай-ақ қазба отындарынан жедел бас тарту және бұл үдерісті қаржылай қолдау қажеттігі атап өтілді.

Африка елдерінің атынан сөйлеген Гана климаттық қаржыландыру, келтірілген шығын мен залалды өтеу және энергетикалық көшу мәселелерінде құжаттың кемшіліктері бар екенін мойындады. Делегация өкілдерінің айтуынша, бұл бағыттарға мәтінде бар болғаны бір ғана жалпы сөйлем арналған. Соған қарамастан, Гана құжатты қабылдауға кедергі келтірмейтінін мәлімдеді. Өйткені оның пікірінше, мәтінде көптеген тараптың ұстанымы қамтылған.

Ал Араб мемлекеттері лигасының атынан сөйлеген Сауд Арабиясы көміртекті ұстау және сақтау технологияларына қатысты ережелерді қорғады. Делегация мұндай технологиялардың жаһандық жылынуды тежеудегі рөлін ғылыми бағалаулар да растайтынын алға тартты.

Айта кетейік, COP31 БҰҰ тарихындағы ең ұзаққа созылған климаттық саммит болды. Ресми түрде конференция 20 қарашада аяқталуы тиіс еді. Алайда келіссөздер тағы екі күнге созылды. Келесі COP32 конференциясы Эфиопия астанасы Аддис-Абебада өтеді. Антальяда шешімін таппаған бірқатар мәселе келесі саммиттің күн тәртібіне шығарылмақ.