Қазақстанда қылмыстан зардап шеккендерге төленетін өтемақы көбеймек

Қазақстанда қылмыстан зардап шеккендерге төленетін өтемақы көбеймек
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстанда қылмыстан зардап шеккен азаматтарға төленетін біржолғы өтемақы мөлшерін екі есе көбейту ұсынылды. Бұл бастаманы Ішкі істер министрлігі қолдап отыр. Бұл туралы ведомство басшысы Ержан Сәденов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәселе бұған дейін Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева көтерген болатын. Депутаттың айтуынша, 2018 жылғы шілдеден 2026 жылғы шілдеге дейін Жәбірленушілерге өтемақы қорына 9,3 миллиард теңгеден астам қаражат түскен. Алайда осы уақыт аралығында зардап шеккендерге тек 855 миллион теңге төленген. Қорда шамамен 8,5 миллиард теңге пайдаланылмай қалған.

Қолданыстағы тәртіп бойынша өтемақы көлемі 30, 40 және 50 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде белгіленген. Оны кәмелетке толмаған жыныстық зорлық-зомбылық құрбандары, азаптаудан зардап шеккендер, қылмыс салдарынан АИТВ жұқтырғандар, денсаулығына ауыр зиян келген азаматтар және қаза тапқандардың жақын туыстары ала алады.

ІІМ мәліметінше, төлемдердің кешігуіне көбіне құжаттардағы жеке деректердің қате көрсетілуі, банк шоттарының дұрыс жазылмауы және алушылар туралы мәліметтердің толық болмауы себеп. Мұндай жағдайда қаражат кері қайтарылып, өтемақыны рәсімдеу үдерісі созылып кетеді.

Осы мәселені шешу үшін министрлік төлем мөлшерін арттыруды ұсынып отыр. Жаңа ұсыныс бойынша 30 АЕК 60 АЕК-ке, 40 АЕК 80 АЕК-ке, ал 50 АЕК 100 АЕК-ке дейін көбейтілмек.

2026 жылғы АЕК мөлшерімен есептегенде, азаматтар 259 500 теңгеден 432 500 теңгеге дейін өтемақы алуы мүмкін.

Министрлік өкілдері өтемақы көлемі осы төлем түрі енгізілгеннен бері өзгермегенін атап өтті. Ал соңғы жылдары медициналық көмек, оңалту және жерлеу қызметтерінің құны айтарлықтай өскен.

Сонымен қатар ведомство өтемақы тағайындау тәртібін жеңілдетуді көздеп отыр. Атап айтқанда, алуға құқығы бар азаматтардың тізімін Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі негізінде автоматты түрде қалыптастыру ұсынылған. Сондай-ақ азаматтарға өтемақы алуға құқығы бар екені туралы SMS-хабарлама жіберу жоспарланып отыр.